EL-NAZAR Республикалық педагогикалық журналы
Ата-анаға кеңес

Шаңырақтан алған тәрбие – саналы қоғамға сеп

«Баланың бөтені жоқ» – бала тәрбиесіне қатысты үлкен жауапкершілікті бір ғана отбасыға немесе мектепке жүктемейтін, қоғамды ортақ іске үндейтін маңызды ұстаным. Осы тақырып аясында Талғар ауданына қарасты Кеңдала ауылдық округінде орналасқан №38 жалпы білім беретін мектепте «Отбасы күніне» негізделген мазмұнды семинар өтті. Іс-шараға ата-аналардан бөлек мектеп ұстаздары, ауыл тұрғындары, ауылдық округ маманы және жоғары сынып оқушылары қатысты.

Кездесудің басты мақсаты – мектеп пен ата-ана арасындағы байланысты нығайтып, бала тәрбиесіне екі тараптың да ортақ жауапкершілікпен қарауының маңызын түсіндіру әрі отбасы құндылықтарын дәріптеу болды.  Мектеп өнерпаздарының рухты әнімен ашылған жиын  бала тәрбиесіндегі мектеп пен отбасы арасындағы өзара түсіністік пен жүйелі байланыстың маңызына тоқталған баяндамамен жалғасты. Арнайы шақырылған «Сенімен Болашақ» РҚБ Алматы филиалының басшысы Меруерт Мәулетқызы балаға ақыл айтудан бұрын, оған үлгі болудың мәні орасан екенін сөз ете келе Жүсіпбек Аймауытовтың «Тәрбиеге жетекші» кітабына кеңірек тоқталды. Баланы «табиғатша тәрбиелеу» тағылымын тарқата отырып үйдегі қарым-қатынас, мектептегі орта, үлкендердің сөйлеу мәдениеті мен жауапкершілігі – баланың мінезі мен дүниетанымына әсер ететін маңызды факторлар екенін жеткізді. Бала тәрбиесі – бір тараптың міндеті емес, ортақ жауапкершілік деп түйіндеген кездесу мазмұнды кітап көрмесімен жалғасты.

Кеңдала ауылдың кітапхана меңгерушісі Ризвангүл Токарзаева арнайы кітап көрмесін ұйымдастырып, отбасы, тәрбие және ұлттық құндылықтарға арналған әдебиеттерді таныстырды. Бұл көрме қатысушыларға бала тәрбиесінде кітап пен рухани ортаның маңызын тағы бір мәрте көрсетті. Кеңдала ауылдық округі әкімдігінің әдіскер-нұсқаушысы Айгүл Сайлауханқызы өз сөзінде қатысушыларды мерекемен құттықтап, әкімдік тарапынан мектептің үлгілі жанұясына сый-сыяпат көрсетті. Ауылдың ақсақалы, ақын Бексұлтан Көлбаев жұбайымен келіп, жастарға татулықтың, бірліктің үлгісін көрсетті. Аталық тілегін айтып, өлеңін оқып, батасын берді.

Кешті қорытындылаған мектеп басшысы Ғалия Талапқызы отбасы мен мектеп бір-бірін толықтырғанда ғана бала өзін түсінетін, қолдайтын әрі бағыт беретін ортаны сезінетіндігін тағы бір мәрте пысықтап, келген қонақтарға алғысын білдірді. Кездесудің түйіні де осы ойға тоғысты: үлгі көрсетілмей, өнеге қалыптаспайды. Ал балаға берілетін ең үлкен тәрбие – оның көз алдында өмір сүріп тұрған жақсы үлгі.

М.Маулина

Ұқсас мақалалар

Мәшһүр мұрасындағы азаматтық ұстаным

redaktor

Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін

redaktor

Баланың бөтені жоқ

redaktor