EL-NAZAR Республикалық педагогикалық журналы

Баспасөз-2026

admin_el_nazar

«Ел-назар» назарыңыздан тыс қалмасын!

Қадірлі оқырман! Қадірлі ұстаздар!

Бүгінгі таңда 170 нөмері жарық көріп отырған, ең жақын сырластарыңызға айналған, «Ел-назар» журналы Сіздердің талаптілектеріңізге орай алдағы бағытын, ұстанымын айқындап, тың серпінмен жұмыс істегеніне биыл 15 жылдан асып отыр.
Біздің басты бағытымыз мемлекетіміздің іргетасы іспетті білім саласына айрықша көңіл бөліп, мектептің жүрегі саналатын ұстаздар қауымының еңбегін дәріптеу. Сондай-ақ оқушылардың танымын арттыратын әдебиет пен мәдениетті, өнерді өрістетіп, халқымыздың салт-дәстүрлерін жаңғырту.
Ұстаздар мүмкіндігін арттыру, еліміздің педагогтерінің арасында өзара байланыс орнатып, тәжірибе алмасуға ықпал ету, оқушылардың шығармашылық қабілеттерін арттыруға қал-қадірімізше үлес қосу. Осы үдеден шама-шарқымызша шыға білдік деп ойлаймыз. Оған журнал атына
айтылып жатқан өздеріңіздің ақжарма алғыстарыңыз дәлел.
Қаржылық дағдарысқа қарамастан журналға жазылу бағасын бұрынғы қалпында қалдырдық, әрі журналға толық жазылған оқырман жыл бойында екі мақаласын тегін жариялау мүмкіндігіне ие. Бұл басылымның өз оқырмандарына жасап отырған демеулерінің бірі.
2025 жылы редакция қоржынына келіп түскен әрбір мақалаға тиісінше жауап қатып, олардың барлығының дер кезінде жарық көруіне еңбек еттік. Ең бастысы Сіздердің, қадірлі оқырман, алғаусыз алғыстарыңыз басылымның тыныс-тіршілігіне нәр берді.
Сұрауларыңыз бойынша оқушылар шығармашылығына кең көңіл бөлдік. Соның жарқын мысалы ретінде журналымыздың № 6 санын тек қана дарынды оқушылардың шығармашылығына арналатынын атап өтуге болады. Осы арқылы оқушылар бір-бірімен етене танысса, олардың жетекшілері де өзара байланыс орнатуға мүмкіндік алады. Бірінен-бірі үйренеді. Бұл игі бастама 2026 жылы да өз жалғасын табады.
Сондай-ақ жемісті жобамыз «Ел-назардың энциклопедиясы» үздік ұстаздар-ды насихаттауды биыл да жалғастырады. Оның шарттары тұрақты оқырмандарға жете таныс.
Ұстаздардың ұлағатын ұлықтап келе жатқандығымыздың нәтижесі болар «Ел-назар» журналы Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Атырау облыстарынан 3000-дай тұрақты оқырмандар тапты. Бұл біздің ұстанып отырған бағытымыздың айқындығының белгісі деп білеміз. 2020 жылдан бастан журнал Астана қаласында бас кеңсесін ашып, Елордамыздың төрінен үн қатуда. Бұған дейін Талдықорған қаласында, Алматы қаласында рекдакциялары жұмыс жасаған болатын. Бұл қалалардағы кеңсеміз жұмысын жалғастыра береді.
Сондай-ақ журналда жарияланған материалдар мұғалімдердің біліктілік санаттарын көтеруге септігін тигізетін арнайы аттестациядан өтуіне ықпал етеді. Бұл біздің басты мақсатымыздың бірі. Заман ағымына және ұстаздар қауымының сұранысына сәйкес журнал ұжымы басылымға бір жылға толық жазылған оқырмандар арасында тегін, түрлі байқаулар ұйымдастырып, арнайы дипломдар, сертификаттар беруді жоспарлап отырмыз. Бұл туралы журналымыздың инстаграмдағы (elnazar.zhurnal) парақшасына тіркеліп, нақты ақпараттар алып, шарттарымен танысуға болады.
Cонымен қатар ұстаздардың, оқушылардың, белгілі қаламгерлердің шығармалары да басылым бетінен орын алады.
Кез-келген ұстаздың өз ойын, қоғамға деген пікірін, әріптестеріне деген ыстық ықыласын, түрлі құттықтауларды қуана жариялаймыз. Халқымыздың ұлттық айшықтары, салт-дәстүрлері, құндылықтары, жәдігерлері туралы да жиі қалам тербейміз. Ендеше өзіңіздің төл журналыңызды жаздырып алуды ұмытпаңыз. Журналға кез-келген Қазпошта бөлімшелері арқылы жыл бойы жазыла аласыз. Жазылым индексі 74455. Бір жылға жазылу бағасы 6500 теңге. Журналға жазылған оқырман өзінің сабақ жоспары үлгілері мен мақалаларын, әріптестері жайлы толғамдарын, ұсыныс-пікірлерін жыл бойы тегін жариялай алады. Ендеше бір-бірімізден көз жазып қалмайық, ағайын!
«Ел-назар» – бұл Сіздің төл журналыңыз.