EL-NAZAR Республикалық педагогикалық журналы
Жаңалықтар

САНАЛЫ ҰРПАҚ – ТҰҒЫРЛЫ МЕМЛЕКЕТТІҢ ТІРЕГІ

25 қазан – Республика күні қарсаңында ОКЖ қарасты №39 кітапхана залында  тағылымды кездесу өтті. Ел тарихын ұлықтап, Отан алдындағы жауапкершілікті терең түсіндіруді мақсат еткен шараға тарихшы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Қазақстан тарихы» кафедрасының аға оқытушысы Сабырхан Смағұлов, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагері, заң педагогикасының магистрі, отставкадағы полковник Әбдібеков Мұхамеджан Тоқтарұлы және Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара академиясы кітапханасының меңгерушісі Урхия Касымова мен академия сарбаздары қатысты.

Мемлекеттік Гимнмен ашылып, кітапхана қызметкері Айнұр Жандосова таныстырған кітап көрмесінен кейін  сөз алған кездесу модераторы «Сенімен Болашақ» РҚБ Алматы филиалының басшысы, журналист  Меруерт Мәулетқызы өткенді білу тек тарихи деректерді есте сақтау емес, бүгінгі тәуелсіздіктің қадірін түсініп, болашақ алдындағы жауапкершілікті сезіну екенін жеткізді. Кезекпен сөз алған қонақтар ел тарихы мен мемлекеттіліктің қалыптасуы туралы ой қозғады. Отанға адал қызмет етудің мәні мен әскери тәртіптің маңызына тоқтала келе сарбаздарға тәртіп пен табандылықтың, бірлік пен жауапкершіліктің әскери қызметте ғана емес, азаматтық өмірде де маңызды екенін түсіндірді.

Тарихшы Сабырхан Смағұлов сарбаздарға ел тарихының маңызды кезеңдері туралы әңгімелеп, мемлекеттіліктің қалыптасуын тарихи сабақтастық тұрғысынан түсіндірді. Тарихты тану – өткен оқиғаларды жаттап алу ғана емес, сол кезеңдердегі халықтың күресін, елдік мұратын және тәуелсіздікке жету жолындағы жауапкершілігін түсіну екенін жеткізді. Өткенін білетін ұрпақ бүгінгі бейбіт өмірдің бағасын терең сезініп, болашаққа саналы көзқараспен қарай алады. Тарихшының тағылымды ойлары сарбаздарды ел тағдырына қатысты мәселелерге бейжай қарамауға, ұлттық мұраны құрметтеуге және азаматтық ұстанымдарын қалыптастыруға үндеді.

Ал Мұхамеджан Тоқтарұлы Отанға адал қызмет етудің мәніне тоқталып, әскери тәртіптің, табандылықтың және жеке жауапкершіліктің маңызын түсіндірді.

  • Әскери қызметтің негізгі талаптарының бірі – өз міндетін мінсіз орындау, бұйрық пен тәртіпке жауапкершілікпен қарау, ұжымдық бірлікті сақтау. Бұл қасиеттер сарбаздың кәсіби дайындығын ғана емес, оның азаматтық болмысын да қалыптастырады. Сөзің бен ісің сай болса сенің адамдық болмысыңның жоғалмағаны деген сөз. Абай атамыздың «Пайда ойлама, ар ойла» деген сөзін өмірдік кредо етіп алсаңыздар ұтылмайсыздар. Әскери  міндетті атқару үшін физикалық дайындықпен қатар, рухтың беріктігі, тәртіпке бағыну, қиындыққа төзімділік және жолдастарына деген сенім қажет. Бұл қасиеттер адамның күнделікті өмірінде де маңызын жоғалтпайды. Өз сөзіне берік болу, уәдеге адалдық таныту, қоғам алдындағы міндетін орындау – нағыз жауапты азаматтың белгісі, — деген поклвник мырзаның сөзі сарбаздарды жігерлендіріп, рухтандырды.

Шараға қатысқан сарбаздар да пікір білдіріп, мұндай кездесудің өздері үшін тағылымдық мәні зор екенін жеткізді.  Кеш барысында сөз алған Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара академиясы кітапханасының меңгерушісі Урхия Құрмашқызы мемлекеттің қуаты оның материалдық мүмкіндіктерімен ғана емес, азаматтарының санасымен, бірлігімен және жауапкершілігімен айқындалатынын жеткізді.

Тағылымды кездесу қатысушыларға Республика күнінің тарихи маңызын тереңірек ұғынуға, елге қызмет етудің мәнін пайымдауға және патриотизмнің нақты іспен дәлелденетінін түсінуге мүмкіндік берді.  Осындай саналы ұстаным орныққан жерде елдік рух нығайып, тұғырлы мемлекеттің тірегі болар ұрпақ қалыптасады.

Ұқсас мақалалар

ТАҒАЙЫНДАУ

redaktor

Экономика «платформ»: как маркетплейсы меняют структуру малого и среднего бизнеса в Казахстане

admin_el_nazar

Адал еңбек және кәсіби жауапкершілік

redaktor