«Ақбілек бейнеттен, қорлықтан, күнәдан құтылып, сонау жеті қат көктегі ғарышқа апарып, жүрегін алтын легенге салып жуғандай, анадан жаңа туғандай тазарды. Оның жүрегін жуып тазартқан алтын леген – аяулы жаны, қаралы таудай қайратты, ай мен күндей ғылым еді».
Осы жолдар романның негізгі идеялық түйінін ашатын жолдар дерліктей. Өйткені Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романы – қазақ әдебиетіндегі адам тағдыры, әйел болмысына ғана арналмаған, қоғам көзқарасы, рухани жаңғыру мен білімнің мәнін терең қозғайтын шығарма. Романдағы Ақбілектің тағдыры – бір адамның басынан өткен оқиға ғана емес, оқырманды адамға баға берудің өлшемі, өмірдің қиындықтарына төтеп беру, өз болашағын өзі қалыптастыру туралы ойлантатын тағылымды дүние.

Тұздыбастау ауылындағы №31 мектеп жанынан құрылған оқырман клубының алғашқы кітапталқысына «Ақбілек» романын бекер таңдалған жоқ. Алғашқы басқосудың «Жүсіпбек феноменіне» арналуының өзі кітап оқуға қызығушылықты арттырып қана қоймай, оқушылардың көркем шығарма арқылы өз ойын еркін жеткізуіне, пікір алмасуына және әдеби кейіпкердің тағдырын бүгінгі өмірмен байланыстыра қарауына мүмкіндік берді.
Кітапталқыға мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Данара Сарсебаева, Аяла Түркебаева қатысып, оқырман клубының жұмысына қолдау білдірді. Сонымен қатар шара барысында мектеп кітапханашысы мен ұстаздары, клуб жетекшілері Ғалия Мейманкулова, Жұлдыз Ахметова, Әйгерім Досбосынова да өз ой-пікірлерін білдіріп, оқушылармен бірге шығарманың мазмұны мен тәрбиелік мәніне назар аударды.
Талқылау барысында оқушылар шығарманы бір ғана қырынан қарастырмай, Ақбілектің бейқам балалықтан тағдыр сынағына түсуі, қоғамның сыны мен көзқарасына тап болуы, ішкі күйзелісті еңсеруі, өзін қайта табуы және өз болашағын өзі таңдауы туралы ой қозғады.
Әсіресе Ақбілектің тағдыры арқылы «Адамның өткен өмірі оның болашағын анықтай ма?», «Қоғамның пікірі адамның өзіне деген сеніміне қаншалықты әсер етеді?», «Қиындық адамды сындыра ма, әлде шыңдай ма?», «Білім адамның өмірін өзгерте ала ма?» деген маңызды сауалдар ортаға салынып, талқыланды.
Оқушылар шығарма кейіпкерінің тағдырына қатысты өз пікірлерін ашық білдіріп, Ақбілектің бойындағы қайсарлық, төзім, намыс, білімге ұмтылыс және өмірге деген сенім секілді қасиеттерге тоқталды. Бірі кейіпкердің ішкі күшіне назар аударса, енді бірі қоғамның адам тағдырына берген бағасын талдады. Кей оқушылар Ақбілектің басынан өткен оқиғаларды қазіргі жасөспірімдердің өміріндегі қиындықтармен байланыстырып, адамның қандай жағдайда да өзін жоғалтпауы маңызды екенін атап өтті.
Шығарманың соңындағы Ақбілектің рухани жаңғыруы да талқылаудың негізгі өзегіне айналды. Оқушылар үшін бұл тұстағы ең маңызды ой – өткенді өзгерту мүмкін болмағанымен, адам өзінің ертеңін таңдай алатыны деген түйін болды. Оқырман клубының алғашқы кездесуі осылайша мазмұнды пікір алмасуға, әдеби ойға және өзіндік көзқарас қалыптастыруға ұласты.

