EL-NAZAR Республикалық педагогикалық журналы
Білім жаңалықтары

Ерлік – елге мұра, ұрпаққа өнеге

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Кеңес Одағының Батыры, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы атындағы 5571 әскери бөлімінде «Ұлттық ұлан – патриотизм мен батылдық мектебі» акциясы аясында жас ұрпаққа арналған «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа өнеге» тақырыбында тағылымды «Ерлік сабағы» өтті.

Іс-шараға №156 мектептің «Жас бүркіт» әскери-патриоттық сыныбының оқушылары, №210 мектеп-лицейі, №166, №205, №149 мектептерінің оқушылары, Принтмедия технология колледжінің студенттері мен «Жас бүркіт» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері қатысты.

Саптық алаңдағы салтанатты қарсы алудан басталған кездесу барысында жастар әскери бөлімнің тыныс-тіршілігімен танысып, әскери техника, қару-жарақ, байланыс құралдары, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау жабдықтары туралы мағлұмат алды. Казармадағы әскери қызметшілердің күнделікті өмірі мен қызмет ерекшеліктерін көріп, Отан қорғаудың жауапкершілігін жақыннан сезінді.

Іс-шараның тәрбиелік мәні мәдени-демалыс орталығында өткен «Ерлік сабағында» тереңдей түсті. Бөлімнің Ардагерлер кеңесінің төрағасы, запастағы майор Берік Бақытұлы Алмағанбетов жастарға елге адал қызмет ету, ұлттық құндылықтарды қастерлеу және ата-баба аманатына берік болу жөнінде тағылымды ой айтты.

Ал мәдени-демалыс орталығының бастығы капитан Қуаныш Жасұлан «Ел қорғаған ерлердің ерлігі» тақырыбында патриоттық тәрбие сағатын өткізіп, Ұлттық ұлан жауынгерлерінің қызметі мен ерлігі туралы бейнематериалдар ұсынды. Жастар майор Ж. Баянбаев, майор Е. Отарбаев, аға сержант Ө. Мәжит сынды әскери қызметшілердің ерлік жолымен танысты.

Кездесуде әскери мамандыққа қызығушылық танытқан жастар үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Академиясы туралы деректі фильм көрсетіліп, әскери оқу орнына түсу тәртібі мен әскери қызметтің мүмкіндіктері жөнінде ақпарат берілді.

Тағылымды шара концерттік бағдарламамен жалғасып, №156 мектеп оқушылары Телжан Айару, Арыстанбек Нұрхат, Асанов Дильяр патриоттық өлеңдер оқыды. Ефрейтор Сқатаев Нұрлан «Жаса, қазағым!» әнін орындаса, қатардағы жауынгер Темірбек Азиз қазақ күйлерінен попури тартты.

Шара соңында бөлім командирі ұстаздар мен белсенді оқушыларды Алғыс хаттармен марапаттады.

Ерлік – өткеннің естелігі ғана емес, бүгінгі ұрпаққа жүктелген жауапкершіліктің өлшемі. Осындай кездесулер жас буынға Отан қорғаудың мәнін танытып қана қоймай, елге қызмет ету, батылдық пен азаматтық жауапкершіліктің қадірін ұғындырады.

Өйткені ерлік ел жадында сақталады, ал өнеге ұрпақтан ұрпаққа жалғасады.

Ұқсас мақалалар

«ДЕНІ САУ ҰРПАҚ: БІРГЕ ӨСЕМІЗ» ОТБАСЫЛЫҚ ЭСТАФЕТАСЫ

redaktor

«WorldSkills Zhetysu 2026» жас мамандар шеберлігінің жарқын көрінісі

admin_el_nazar

Баланың бөтені жоқ

redaktor