Заман өзгеріп, технология дамығанымен, білімге ұмтылу мен саналы ұрпақ тәрбиелеудің маңызы өзгермейді. Бір ғасыр бұрын Ахмет Байтұрсынұлы халықты оянуға, оқуға, ізденуге шақырса, бүгінгі жасанды интеллект дәуірі ақпаратты саралап, сыни ойлап, әр шешімге жауапкершілікпен қарауды талап етеді. Технология дамыған сайын адам санасы да тереңдей түсуі керек. Осы идеяны негізге алған «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің «Өзіңді тап, өзегіңе орал» бағыты аясындағы «Ахмет айлығы» шеңберінде Талғар ауданына қарасты Ж. Жабаев атындағы №6 мектепте «Ахмет және AI дәуірі: Сөз құдіретінен саналы санаға дейін» тақырыбында тағылымды кездесу өтті.

Іс-шараға «Сенімен Болашақ» РҚБ Алматы қалалық филиалының басшысы Меруерт Мәулетқызы мен алаштанушы, «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейінің жетекшісі Мейіржан Бақытжанұлы қатысты. Кездесу оқушылардың сахналық көрінісімен ашылып, мектеп директорының оқу-әдістеме жөніндегі орынбасары Ақнұр Бестерекованың ұлт ұстазының жан-жақты болмысы, мұрасы, білімнің маңызы және жасанды интеллект дәуіріндегі жауапкершілік туралы ойларымен жалғасты.
Меруерт Мәулетқызы Бірлестіктің «Өзіңді тап, өзегіңе орал» бағыты аясында өтіп жатқан «Ахмет айлығының» мақсатына тоқталып, оқушылардың назарын ақпарат пен білімнің, технология мен саналы ойлаудың айырмашылығына аударды. Жасанды интеллект ақпарат іздеуге және тапсырмаларды орындауға көмектескенімен, адамның сыни ойлауын, ар-ұжданын және жауапкершілігін алмастыра алмайтыны айтылды. Сондықтан дайын жауапты көшіріп алумен шектелмей, оны түсініп, тексеріп, өз ойымен қорытындылау маңызды екені атап өтілді.
Ал Мейіржан Бақытжанұлы Ахмет Байтұрсынұлының ұлт тарихындағы орны мен ағартушылық қызметінің маңызына тоқталды. Ұлт ұстазының мұрасын тану оның өмір жолын білумен ғана шектелмей, көтерген идеяларын бүгінгі өмірмен байланыстыра түсінуді қажет ететінін жеткізді. «Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін» деген өлең жолының мәні арқылы келешек ұрпақтың қамын ойлап, ел болашағы үшін еңбек етудің маңызы түсіндірілді.
Тағылымды кездесу өнерлі оқушылардың өнер көрсетуімен қорытындыланды. Іс-шараның мазмұнды өтуіне үлес қосқан мектеп ұстаздары Гүлшат Қойлыбаева мен Балауса Асанқызының еңбегін ерекше атап өткен жөн.

Кездесудің негізгі мақсаты – Ахмет Байтұрсынұлының ағартушылық мұрасын бүгінгі заманмен сабақтастырып, оқушылардың ұлттық санасын, білімге қызығушылығын және сыни ойлау қабілетін дамыту. Жиын жастарға технологияны саналы пайдаланудың, білімге ұмтылудың және адами құндылықтарды сақтаудың маңызын ұғындырды. Өйткені болашақтың саналы азаматы – жаңа технологияны меңгеріп қана қоймай, оны игілікке бағыттай алатын, өз шешіміне жауап беретін және ел дамуына үлес қосуға ұмтылатын тұлға.

