Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінде Махамбет Бөкейхановтың 135 жылдығына, Қамбар Медетовтің 125 жылдығына және көрнекті күйші Лұқпан Мұхитовтың өмірден өткеніне 69 жыл толуына арналған «Әлем таныған әсем топ» атты концерт өтті.
2026 жылғы 6 қарашада өткен бұл рухани-мәдени шара қазақтың дәстүрлі музыка өнерінің тарихында өзіндік орны бар көрнекті күйшілердің шығармашылық мұрасын жаңғыртуға, олардың ұлттық өнерді қалыптастыру мен дамытудағы тарихи қызметін зерделеуге арналды. Концерттің басты мақсаты – қазақтың күйшілік дәстүрін сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізген өнер қайраткерлерінің еңбегін ұлықтау, олардың орындаушылық мұрасын бүгінгі көрерменге таныстыру және ұлттық музыкалық құндылықтардың сабақтастығын дәріптеу.
Концерттің тақырыптық өзегі көрнекті ғалым, этномузыкатанушы, композитор, дирижер, академик Ахмет Жұбановтың аталған күйшілерге арналған «Әлем таныған әсем топ» атты мақаласымен сабақтасты. Бұл атау кездейсоқ таңдалған жоқ. Ол қазақ музыка мәдениетінің қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосқан, ұлттық өнердің өрісін кеңейткен біртуар тұлғалардың тарихи еңбегін айқындайды.
Қазақтың кәсіби музыкалық өнерінің қалыптасу тарихында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің орны ерекше. Ғасырға жуық тарихы бар бұл шығармашылық ұжым ұлттық аспаптық музыканы кәсіби деңгейде дамытып, қазақ күйлерін әлемдік сахналарда танытып келе жатқан бірегей өнер ордасы. Оркестрдің қалыптасуы мен шығармашылық жетістіктері көптеген орындаушылар мен музыка қайраткерлерінің есімімен тығыз байланысты. Солардың қатарында Махамбет Бөкейханов, Қамбар Медетов және Лұқпан Мұхитовтің орны айрықша.
Аталған тұлғалардың тарихи еңбегі тек күй орындаушылық шеберлігімен ғана шектелмейді. Олар – қазақтың дәстүрлі күйшілік мектептерінің ерекшеліктерін сақтап, халықтық музыкалық мұраны кейінгі ұрпаққа жеткізген, ұлттық аспаптық өнердің кәсіби дамуына үлес қосқан көрнекті орындаушылар. 1933 жылы құрылған музыкалық-тәжірибелік шеберхана жұмысына қатысып, ұлттық аспаптарды жетілдіру мен оркестрлік орындаушылықтың қалыптасуына атсалысуы да олардың тарихи қызметінің маңызды қырын танытады.
Ахмет Жұбановтың ғылыми-зерттеу еңбектерінде бұл күйшілердің орындаушылық ерекшеліктері, репертуарлық қоры, қазақтың дәстүрлі күй мұрасын жинау, сақтау және жеткізудегі қызметі жан-жақты қарастырылған. Ғалым олардың орындаушылық өнерін Құрманғазы, Дәулеткерей, Абыл және басқа да халық композиторларының шығармашылық мұрасымен сабақтастыра зерттеп, ұлттық музыка тарихындағы орнын ғылыми тұрғыдан айқындады.
Концерттің салтанатты шымылдығы Құрманғазының «Серпер» күйімен ашылды. Бұл шығарма Махамбет Бөкейхановтың орындаушылық мұрасымен тығыз байланысты. Оркестрді бас дирижер, «Құрмет» орденінің иегері Абылай Тілепберген басқарды. Күйдің қуатты үні мен көркемдік мазмұны кештің негізгі идеясына арқау болып, тарихи тұлғаларға деген құрметтің музыкалық көрінісіне айналды.
Кеш барысында Қамбар Медетовтің немересі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Музыкатану және композиция» кафедрасының доценті, философия докторы (PhD) Бердібай Айжан Рахманқұлқызына сөз берілді. Оның қатысуы концерттің тарихи-танымдық мазмұнын тереңдете түсті. Өйткені ата мұрасын ғылыми тұрғыдан зерделеу, оны бүгінгі ұрпаққа жеткізу және дәстүрлі музыканың тарихи негіздерін зерттеу – ұлттық өнер сабақтастығын қамтамасыз ететін маңызды бағыттардың бірі.
Махамбет Бөкейханов, Лұқпан Мұхитов және Қамбар Медетовтің орындаушылық репертуары – қазақтың әртүрлі өңірлік күйшілік дәстүрлерін тоғыстырған бай музыкалық қазына. Олардың орындауында Батыс Қазақстан өңірінің, Бөкей ордасының, Қаратөбе, Маңғыстау, Арал-Ақтөбе аймақтарының халық күйлері мен белгілі композиторлардың шығармалары кеңінен насихатталған.
Концерттің мазмұндық тұрғыдан маңызды бөлімдерінің бірі – Қамбар Медетов жеткізген «Ақсақ құлан» халық күйіне арналды. Алдымен күйші орындауындағы тарихи аудиожазба тыңдалып, одан кейін Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері Азамат Шнаровтың орындауында ұсынылды.
Экраннан тарихи фотосуреттердің көрсетілуі көрерменнің шығарманы қабылдауына тың серпін беріп, өткен мен бүгіннің арасындағы рухани байланысты айқындады. Мұндай тәсіл музыкалық мұраны тек дыбыстық шығарма ретінде емес, тарихи-мәдени құбылыс ретінде тануға мүмкіндік береді.
Бағдарламада «Ел айырылған» халық күйі Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Батыржан Мықтыбаевтың орындауында, Қарасайдың «Қарасай» күйі оркестрдің сүйемелдеуімен, Дәулеткерейдің «Қыз Ақжелең» күйі және Евгений Брусиловскийдің «Алтынай» шығармасы Ажар Еркебұланованың орындауында ұсынылды.

Әртүрлі дәуірлер мен авторлардың шығармаларын бір бағдарлама аясында ұсыну қазақ музыкасының тарихи даму жолын, дәстүр мен кәсіби композиторлық шығармашылықтың өзара байланысын танытты.
Келесі бөлім Арынғазы сұлтанның өмірі мен шығармашылығына арналды. Арынғазы – XIX ғасырдың алғашқы жартысындағы Кіші жүз тарихында өзіндік орны бар тарихи тұлға. 1815 жылы Байұлы, Алшын және Жетіру рулары оны Кіші жүз ханы етіп сайлауға ниет білдірген. Алайда 1823 жылы Петерборға барған кезінде тұтқындалып, Қалуға жер аударылған. Өмірінің соңғы кезеңін айдауда өткізген Арынғазының есімі халық жадында тарихи тұлға әрі күй авторы ретінде сақталды.
Оның «Арынғазы» күйінің оркестрлік нұсқада орындалуы Батыс Қазақстан өңіріндегі күйшілік дәстүрдің көркемдік ерекшеліктерін танытты. Бұл шығарма арқылы тыңдарман тарихи тұлғаның музыкалық мұрасымен танысып қана қоймай, күй өнерінің тарихи оқиғалармен сабақтасып жатқанын да сезінді.
Арынғазының ұрпағы Үсен Арынғазиев – Қамбар Медетовтің үлкен қайын атасы. Қазанғаптың ұстазы ретінде танылған Үсен төре Қамбар Медетовке көптеген күйлер үйреткен. Осы тарихи сабақтастықтың жарқын үлгісі ретінде Үсен төренің «Өттің дүние, кеттің дүние» күйі белгілі күйші-ұстаз, қазанғаптанушы Абдулхамит Райымбергеновтің орындауында ұсынылды.

Бағдарламаның келесі бөлігінде Құрманғазының «Адай», Дәулеткерейдің «Топан» күйлері оркестр орындауында шырқалды. Бұл шығармалар ұлттық аспаптық музыканың мазмұндық және орындаушылық мүмкіндіктерін кеңінен танытты.
Концертте күй өнерімен қатар дәстүрлі ән мұрасына да ерекше назар аударылды. Өткен ғасырдың 20-жылдарында белгілі музыкалық этнограф Александр Затаевичке Орынбор және Түркістан өңірлеріне қатысты 19 ән жеткізген Қамбар Медетовтің халық әндерін жинау мен насихаттауға да үлес қосқаны белгілі. Сол әндердің қатарындағы «Гурьев» халық әні концертте Байбақты Ідірбайдың орындауында шырқалды.
Бұл ретте Александр Затаевичтің қазақтың ән-күй мұрасын жинау, нотаға түсіру және жариялау бағытындағы еңбегінің маңызы ерекше. Ғалымның фольклорлық экспедициялары мен жинақтары қазақ музыкасын ғылыми тұрғыдан зерттеудің қалыптасуына негіз болды. Оның алғашқы жинақтарындағы музыкалық шығармалар нотаға түсіріліп, кейінгі зерттеушілер мен орындаушылар үшін құнды дереккөзге айналды.
Концертте музыкалық этнограф Александр Затаевичтің қазақтың ән-күй мұрасын жинақтап, нотаға түсірудегі еңбегі атап өтілді. А. Затаевичтің «500 ән мен күй» жинағында Махамбет Бөкейхановтың орындауында жазылған отызға жуық күй жарияланған. Сол мұралардың қатарындағы Түркештің «Байжұма» күйін Төлепберген Тоқжанов домбыра бұрауына түсіріп, концерттік бағдарламада орындады. Бұл жұмыс қазақтың дәстүрлі күй мұрасын сақтап, жаңғыртудағы маңызды тәжірибе болып табылады.

Одан кейін Құрманғазының «Көбік шашқан», «Ақсақ киік» күйлері оркестр орындауында, Абылдың «Абыл» күйі мен Қауеннің «Сән-ау» шығармасы Абылай Тілепбергеннің орындауында ұсынылды.
Бұл туындылар қазақтың дәстүрлі аспаптық музыкасының терең тамырын, орындаушылық мектептердің ерекшелігін және ұлттық күй өнерінің көркемдік қуатын айқын көрсетті.
Кештің ән бөлімінде Батыс Қазақстан әншілік мектебінің көрнекті өкілі Мұхит Мералыұлының «Айнамкөз» әні Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Сәуле Жанпейісованың орындауында шырқалды.
Мұхит шығармашылығы қазақтың дәстүрлі ән өнеріндегі ерекше құбылыс болып саналады. Оның әндерінің өткен ғасырда Шынтастан үйренген Ғарифолла Құрманғалиев арқылы кеңінен насихатталуы, сондай-ақ Ғұбайдолла және Лұқпан Мұхитовтардан жазылып алынуы халықтық музыкалық дәстүрдің сақталуындағы орындаушылардың тарихи рөлін айқындайды.
Концерттің қорытынды бөлімінде Құрманғазының «Қызыл қайың» және «Сарыарқа» күйлері оркестр орындауында ұсынылды. Әсіресе «Сарыарқа» күйінің қуатты үні кештің идеялық мазмұнын түйіндеп, ұлттық рух пен тарихи жадының көркемдік символына айналды.
«Әлем таныған әсем топ» концерті – өткенді еске алуға арналған тағзым кеші ғана емес, қазақтың дәстүрлі музыка өнеріндегі тарихи жадыны жаңғыртқан, ғылыми зерттеу мен орындаушылық тәжірибенің өзара байланысын танытқан маңызды мәдени жоба.
Бұл концерттің ғылыми-танымдық және педагогикалық маңызы да айрықша. Себебі ұлттық музыкалық мұраны жас ұрпаққа таныту тек шығармаларды орындаумен шектелмейді. Ол музыкалық туындылардың шығу тарихын, авторлық және орындаушылық дәстүрлерін, аймақтық ерекшеліктерін, тарихи-әлеуметтік мазмұнын терең түсіндіруді талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда, концерт бағдарламасының тарихи фотосуреттермен, мұрағаттық аудиожазбалармен және ғылыми-танымдық түсіндірмелермен толықтырылуы көрерменнің ұлттық өнер туралы білімін кеңейтуге бағытталған тиімді мәдени-ағартушылық тәсіл болды.
Музыкалық мұраны осындай форматта насихаттау жас ұрпақтың ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттырып, тарихи тұлғалардың еңбегін бағалауға, дәстүрлі өнердің көркемдік ерекшеліктерін түсінуге ықпал етеді. Сонымен қатар бұл бағыт музыка зерттеушілері, орындаушылар, педагогтер мен өнертанушылар арасындағы ғылыми-шығармашылық байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.
Ұлттық музыка мәдениетінің сабақтастығын сақтау – бүгінгі өнер ұжымдары мен ғылыми-педагогикалық қауымдастықтың ортақ міндеті. Махамбет Бөкейханов, Қамбар Медетов және Лұқпан Мұхитов сынды өнер қайраткерлерінің мұрасын зерттеу мен насихаттау арқылы біз қазақ күй өнерінің тарихи тамырын тереңірек танып, оның көркемдік құндылығын келер ұрпаққа жеткіземіз.
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Батыржан Мықтабаев пен бас дирижері, «Құрмет» орденінің иегері Абылай Тілепберген бастаған шығармашылық ұжымның бұл кеші ұлттық өнерге деген құрметтің, тарихи тұлғаларға тағзымның және рухани сабақтастықтың жарқын көрінісі болды.
Өткенін ұлықтаған елдің өнері өшпейді. Тарихи тұлғалардың шығармашылық мұрасын жаңғырту – ұлттық мәдениеттің мәңгілігін қамтамасыз ететін рухани міндет. «Әлем таныған әсем топ» концерті осы ұлы мұраттың бүгінгі күндегі жарқын көрінісі ретінде есте қалды.
Мухамбетжанов Шерхан
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы
Музыкатану, арт-менеджмент және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер факультеті, «Музыкатану және композиция» кафедрасының менгерушісі

