EL-NAZAR Республикалық педагогикалық журналы
Оқушы әлемі

«Гауһартас»: адам болмысының ақиқаты

Қазақ әдебиетіндегі адам жанының нәзік иірімдерін терең бейнелеген жазушы Дулат Исабековтің шығармашылығы – оқырманды адам болмысын тануға, өмір құбылыстарына ой көзімен қарауға жетелейтін рухани мұра.  Сондай шығармаларының бірі «Гауһартас» повесі ЕТЭК студенттерінің арасында талқыланды. Бұл іс-шара «Сенімен Болашақ» РҚБ Алматы филиалының Үні_SEN оқырман жобасы аясында өрбіді.

Кездесу барысында бірлестік өкілі Меруерт Мәулетқызы шығарма кейіпкерлері – Ыбыш, Салтанат және Қайыркеннің мінез-құлқы мен психологиялық болмысына талдау жасады. Студенттер кейіпкерлердің әрекеттерін сырттай бағалаумен шектелмей, олардың ішкі сезіміне, шешім қабылдауына, бір-бірімен қарым-қатынасына үңілді.

Талқылауда Салтанаттың нәзіктігі мен мейірімі, махаббат пен түсіністікке деген қажеттілігі, Ыбыштың қаталдығы мен сезімін білдіре алмауы, Қайыркеннің жанашырлығы мен адамгершілік ұстанымы кеңінен сөз болды. Студенттер Салтанаттың тағдырына тек бір адамның мінезі тұрғысынан емес, отбасындағы қарым-қатынас, әйелдің қадірі, өзара құрмет пен түсіністік мәселелері арқылы қарады.

«Ыбыштың қаталдығын мінез ерекшелігі деп қана қабылдауға бола ма? Адам жақындарының жан дүниесін түсінуге неге соншалықты дәрменсіз болуы мүмкін?» деген сауалдар төңірегінде пікір алмасты. Сондай-ақ Қайыркеннің бейнесі арқылы үнсіз қалмау, жақыныңның көңіл күйін аңғару, адамдық жанашырлық таныту мәселелері қозғалды.

Студенттер шығармадағы оқиғаларды бүгінгі қоғаммен салыстыра отырып, уақыт өзгергенімен, адам арасындағы сыйластық, мейірім, жауапкершілік пен түсіністікке деген қажеттіліктің өзгермейтінін атап өтті. Талқы соңында сөз алған оқу орны директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Шынар Құстайқызы көркем шығарма арқылы кейіпкерлерінің тағдырына үңілу  адамның өз болмысына да ой жүгіртеду деген түйін жасады.