EL-NAZAR Республикалық педагогикалық журналы
Әдістеме және тәжірибеҰстаз тәжірибесі

Көне үн мен жаңа тыныс. «Хассақ» ансамблінің шығармашылық лабораториясы

     Қазіргі қазақ музыка мәдениетінде дәстүрлі өнердің архаикалық қатпарын жаңғыртып, оны бүгінгі сахна талабына сай жаңа көркемдік тілде сөйлету үдерісі айрықша қарқын алды. Осы бағытта дербес қолтаңбасы мен ізденіс лабораториясын қалыптастырған бірегей ұжымдардың бірі – «Хассақ» этнографиялық-фольклорлық ансамблі. Көне түркі дүниетанымы мен ұлттық аспаптардың табиғи үнін заманауи ансамбльдік драматургиямен ұштастыра білген ұжым бүгінде әлемнің ондаған елінде – АҚШ-тан Түркияға, Еуропа мен Азия сахналарына дейін – қазақ өнерінің рухани қуатын танытып, сирек аспаптарды қайта тірілткен өзіндік шығармашылық мектебімен ерекшеленіп келеді.

                Бүгінгі сұхбатымыздың қонағы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, философия докторы (PhD), дәстүрлі музыканы зерттеуші әрі орындаушы, қазақтың дәстүрлі музыкалық мұрасын заманауи музыкалық кеңістікте жаңғыртып жүрген «Хассақ» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің жетекшісі Ержан Ерболатұлы Жаменкеев.

– Сәлеметсіз бе, Ержан Ерболатұлы! Уақыт бөліп, сұхбатқа келісім бергеніңізге үлкен рақмет. «Хассақ» ансамблінің құрылу тарихы мен құрамы туралы айтып өтсеңіз.

– «Хассақ» атауын біз фольклорлы-этнографиялық ұғыммен сабақтастырамыз. Ғылыми тұрғыдан қарасақ, этнография ұлттың көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын материалдық құндылықтарын – ер-тұрманды, тұрмыстық бұйымдар мен музыкалық аспаптарды зерттейтін ғылым саласы. Ал фольклористика құлақпен естілетін рухани мұраны – ән, күй, жыр мен термені қарастырады. Осы ретте ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен дәстүрлі музыканы орындайтын ұжымды «фольклорлы-этнографиялық ансамбль» деп атаған орынды. Тіпті «этно-фольклорлық» деген тіркесті жатырқап, оның мәнін нақтылауды сұрайтын музыкатанушы ғалымдарды да кездестірдім.

          «Хассақ» фольклорлы-этнографиялық ансамблі менің жетекшілігіммен 2013 жылдың 1 ақпанында ресми түрде жұмысын бастады. Оған дейін екі жарым жылға созылған ізденіс кезеңі өтті – алғашында форматы өзгешелеу «Сақ» ансамблі құрылған болатын. Сол бастапқы белесті қосымша еске алып жүргеніммен, «Хассақтың» төл тарихын 2013 жылдан бастаймын. Қазір ұжымның қалыптасу жолы мен шығармашылық шежіресін толық қамтитын кітап жазу үстіндемін.

          Ансамбль құрамы бес музыканттан – екі қыз бен үш жігіттен тұрады. Неліктен дәл бесеу? Өйткені қазақтың дәстүрлі аспаптарын орындау тәсіліне қарай негізгі бес топқа бөлуге болады. Бірінші музыкант ішекті-шертпелі аспаптарға (домбыра, үш ішекті домбыра, шіңкілдек, бес ішекті барбыт, шертер) жауап береді – домбырашы ретінде бұл бағытты өзім алып жүрмін. Екінші орындаушы – Арай Қанатбек, ішекті-ілмелі аспаптарды (жетіген, адырна) меңгерген. Үшіншісі –  Мөлдір Ербол, ысқышты аспаптарға (нарқобыз, қылқобыз) жауапты. Төртінші музыкант–  Дархан Әлімғазы, үрлемелі аспаптарда (сыбызғы, мүйізсырнай, керней, қос саз және сазсырнай, шыңырау, құс сайрауық, тастауық, уілдек т.б.) орындайды. Әдетте сыбызғыны игерген музыкант сазсырнайды да тартуға әлеуеті жетеді. Бесінші орындаушы – Асхат Сағат, ұрмалы әрі белгі беретін аспаптарды (дауылпаз, дабыл, сылдырмақ) жүргізеді. Ал тілшелі шаңқобыз Оңтүстік Сібір халықтарында, әсіресе Саха елінде айрықша дамыған. Бізде оған бөлек арнайы музыкант қарастырылмағанымен, бесеуміз де меңгеріп үлгеріп, ортақ репертуарымызда жиі қолданамыз. Жалпы алғанда, ұжымның әр мүшесі он шақты аспапта орындай алады, жалпы саны отыздан аса музыкалық аспапта орындай алады. Басты тірек – осы бес бағыт.

– Архаикалық дүниетанымға тән бақсылық дәстүр, транс, экстаз немесе ерекше күйге ену элементтері музыкалық тілде қалай көрініс табады? Сіздердің тәжірибелеріңізде бұл тәсілдер қалай жүзеге асырылады?

– Біздің шығармашылығымызда бақсылық  сарындар мен көмеймен қайлау тәсілі мүлде басқа көркемдік қызмет атқарады. Оны екі бағытта қолданамыз. Алғашқысы – речитативті әсерлеу, яғни поэтикалық мәтіннің екпіні мен мағыналық салмағын күшейту. Мәселен, Абайдың «Әсемпаз болма әрнеге» өлеңін мәнерлеп те оқуға болады, әндетіп те айтуға болады, қаласаңыз көмеймен де айтып көруге болады. Жігерлі, батырлық рухтағы туындыларда көмейді дәл осындай көркемдік екпін үшін пайдаланамыз. Екіншісі – Алтай өңірінің көне сарындары мен күйлеріне сүйенген сәттер («Зәурен», «Ортеке өр-Алтай», «Хассақнама», «Аманат»). Ал бақсылыққа тән трансқа түсу, ерекше мистикалық күйге ену деңгейіне біз жеткен де, оны мақсат еткен де емеспіз. Біз үшін бұл – кәсіби музыкалық мәнерлеу тәсілі ғана. Сонымен қатар әр аймақтың өзіндік музыкалық бояуын сақтауға тырысамыз. Мысалы, Арал теңізінің тағдырына арналған «Аралым» туындысында Сыр бойының қобыз дәстүрі мен жыраулық мақамдарына тән сарындарды арқау еттік.

– Көне музыкалық материалды қазіргі сахналық формаға көшіру кезінде қандай өзгерістер орын алады? Бұл үдерісте не маңыздырақ – тарихи дәлдік пе, әлде көркемдік әсер ме?

– Бұл екі ұғымды бір-бірінен бөліп қарауға болмайды, екеуі де бірдей маңызды. Күйшілердің өнер сайысында «дәлме-дәл қайталап берді» деп жатады, алайда кәсіби тұрғыдан қарасақ, туындыны жүз пайыз өзгеріссіз қайталау мүмкін емес. Сақталуы тиіс басты құндылық – күйдің өзегі, оның негізгі қайырымы мен бастапқы сарыны. Осы тамырына ешқашан қол сұқпаймыз, ал айналасындағы кіріспесін, даму бөлімдерін, шарықтау шегі мен түйінін заманауи көркемдік талапқа сай өрнектейміз. Егер даму бөлімдері бірізді қайталанса, екінші бөлігін сәл түрлендіріп береміз. Тіпті авторлық туындылардың өзінде – мәселен, Нұрғиса Тілендиевтің «Жекпе-жек» күйінде басына арнайы кіріспе қосып, сағасына түсер алдында орта тұсынан үзіп, жалғастырушы бөлімге өту үшін өз тақырыбымызды енгіземіз де, соңында негізгі сағасы мен бастапқы әуенін қайтарамыз. Ансамбльдік орындау осындай ортақ драматургияны талап етеді, ал жеке орындауда әр күйші өз даралығын еркін танытады.

 – Қазіргі этно-ансамбльдердің басты міндеті дәстүрді сақтау ма, әлде жаңа музыкалық тіл қалыптастыру ма? Дәстүрлі музыканың қандай элементтері міндетті түрде сақталуы керек деп есептейсіз?

– Ең алдымен «қазақ халқында дәстүрлі ансамбльдік үлгі болды ма?» деген сауалға жауап іздеген жөн. Көшпелі өмір салтының ерекшеліктеріне байланысты көлемді музыкалық аспаптарды үнемі алып жүру қолайсыз болды. Осы жағдай қазақ музыка мәдениетінде жеке орындаушылық өнердің кеңінен дамуына ықпал етті. Ал ансамбльдік орындаушылық, керісінше, отырықшы тұрмыс салты қалыптасқан қоғамдарда көбірек өріс алды. Осылайша, көшпелі мәдениетте жеке орындаушылық басымдыққа ие болса, отырықшы мәдениетте ұжымдық музыкалық орындау дәстүрі кеңінен дамыды. Әзірбайжан мен Өзбекстанда дәстүрлі ансамбльдік өнер ерте қалыптасса, бізде бұл бағыттың тарихы 1980-жылдардан – «Сазген», «Мұрагер», «Адырна» ансамбльдерінен бастау алады. Олардың алғашқы қадамдары Құрманғазы оркестрінің шағын үлгісі іспетті болды. Ақселеу Сейдімбеков еңбектерінде сыбызғышы мен қобызшының естірту, жоқтау рәсімдеріне қатысқаны айтылады, бірақ ол деректер бүгінде ел жадында ғана сақталған. Сондықтан қазіргі заманауи этно-ансамбльдерді «қалыптасқан дәстүрлі ансамбль» деп атауға әлі ерте. Бұл үдеріс дәл қазір ізденіс пен жаңару кезеңін бастан өткеріп жатыр.

          Ал міндетті түрде сақталуы тиіс архаикалық элементтерге келсек, олар: шаңқобыздың қатаң ырғаққа бағынбайтын еркін үні, көмеймен айту дәстүрі, сылдырмақтар, қобыздың ерекше тембрлік бояуы, сондай-ақ аспапты сілкіп не қағып ойнау сияқты орындаушылық тәсілдер. Халық композиторларының туындыларында да түпнұсқаның өзегін бұзбаймыз. Мәселен, Шақабай Шалаптың «Зәурен» күйін Жамағат Темірғалиев түсірген нұсқадағы басты тақырыбын сақтап, кіріспесін ғана өңдедік. Құрманғазы күйлерінің сарынына сүйеніп «Құрманғазы» атты туынды жаздық, ал «Ақбаян» секілді халық әндеріне заманауи әр бердік.

– Сіз Forbes журналына берген сұхбатыңызда «басында «Тұран» тобына еліктеп құрылған болатынбыз» деген едіңіз. Бүгінде Халықаралық деңгейде танымал ұжымға айналып отырсыздар. Осы тұрғыдан алғанда, «Тұран» мен «Хассақ» ансамбльдерінің айырмашылығы неде? «Хассақтың» өзіндік болмысын қалай сипаттар едіңіз?

– Өзіме-өзім баға беру оңай емес, дегенмен жетекші ретінде «Хассақтың» өңдеу әдісі мен дыбыстық шешімі өзге ұжымдарға ұқсамауын барынша қадағалаймын. Рас, 2008 жылы «Тұран» құрылса, біз 2010 жылы «Сақ» атауымен ізденісті бастадық. 2012 жылы «Тұранның» «Ер Тұран» альбомының тұсаукесерін өзім жүргіздім. Олардың Қытайдағы бес жігіттен құралған «Тұмар» тобынан шабыт алып, көмей, барбыт, домбыра, сыбызғыны біріктірген форматы маған да ерекше әсер етті. Алғашқы екі жарым жылда әр түрлі бағытты байқап көріп, 2013 жылы «Хассақ» болып орнықтық. Бірінші альбомымызда «Тұранның» ықпалы көбірек сезіледі. «Тұран» ансамблі бізге дайын шығармасын бере салмаса да, тыңдап, кәсіби ақыл-кеңесін аяған жоқ. Дегенмен, «Тұран» ансамблінің мүшесі Серік Нұрмолдаев «Хассақ» ансамбліне арнайы тапсырыспен «Ана жүрегі» және «Махаббат айдыны» деген екі шығарма жазды. Ал екінші және үшінші альбомдарды толықтай өз бетімізше жаздық.

          Құрылымдық жағынан үрлемелі, шертпелі, ілмелі, ұрмалы және ысқышты топтар ұқсас болғанымен, өңдеу мәнері мен құрамы бөлек. «Тұранда» бес жігіт өнер көрсетсе, бізде екі қыз бар – ал нәзік дауыс пен вокализдер репертуарға мүлде жаңа бояу дарытады. Соның нәтижесінде қыз бен жігіттің айтыс дәстүріне құрылған «Жастар думаны» туды. Мұндағы бес орындаушы – Қыз Жібек пен Төлеген сияқты, құрбысы мен досы және арадағы дәнекер ретінде тұтас бір сахналық көрініс жасайды. Бұл туынды көрерменнің зор ықыласына бөленген соң, оның жалғасы ретінде «Қыз қуу» шығармасын дүниеге әкелдік. Онда қамшы үні, ырғақты соққылар, қуу мен қашу сахнасы арқылы ұлттық ойынның драматургиясын бейнеледік. Екеуі желілі шығармалар деуге болады.

          Тағы бір басты ерекшелігіміз – ұжым ішіндегі аспаптық лаборатория. Бұрын құрамымызда болған шебер Азамат Бақияның еңбегімен саздан жасалатын құс сайрауық, шыңырау, тастауық, уілдек секілді көне түрлерін қайта жаңғырттық. Осы аспаптарға арнап «Өрлеу» (уілдек, шыңырау) және «Жекпе-жек» (құс сайрауық) шығармаларын жаздық. Марқұм Жарқын Шәкәрім ағамыздың көзі тірісінде Азаматтың шеберлігімен табиғи шикізаттардан (ағаш, тері, арқан, жіп) жасалған кернейді қайта тірілттік. Сондай-ақ «доңыз қауақ» пен қойдың жілігінен жасалған «жіліншік» аспабын алғаш рет сахнаға алып шықтық – «Тұран жолбарысы» туындысында доңыз қауақпен жолбарыстың ақырған үнін, жіліншікпен Сыр бойының тынысын береміз. Әзірше бұл аспаптар тек «Хассақтың» және «Жошы» ансамбльінің  лабораториясында ғана тартылып келеді. Кең таралса екен дейміз.

 – «Хассақ» ансамблінің шығармалары Түркияның «Uyanış: Büyük Selçuklu» телехикаясында қолданылды. Бұл ынтымақтастық қалай басталды және киноға музыка таңдауда қандай ерекшеліктер ескерілді?

– Біздің «Аманат» атты туындымызға 2016 жылы бейнебаян түсіріліп, ол тыңдарман арасында кеңінен таралды. Spotify, Apple Music платформаларының статистикасына сүйенсек, музыкамызды ең көп жүктейтін елдердің алғашқы бестігінде Түркия, Германия, АҚШ тұрады, кейде Жапония мен Канада қосылады. Соңғы жылдары бұл қатарға Қазақстан да енді. Тіпті Түркиядағы кейбір саяси партиялардың жиындарында біздің әуендеріміз әнұран іспетті орындалатынын естідік.

          2020 жылы түрік тарапы арнайы хабарласып, төрт жылға жоспарланған телехикаяға «Аманат» шығармасына ұқсас жаңа шығарма жазып беруді өтінді. Біз сол тапсырыспен «Жорық» туындысын дүниеге әкелдік. Ол сериалдың басты лейтмотивіне айналды, ал шығармашылық топтың ықыласымен кейін репертуарымыздан тағы тоғыз туынды алынды. Сөйтіп, жобада «Хассақтың» он шығармасы пайдаланылды. Бұдан бөлек, отандық «Рух» қысқаметражды фильмінің бастан-аяқ композиторы болдық. Картинаның барлық сюжеті мен эпизодын ұлттық аспаптардың тембрлік бояуымен сүйемелдеп шықтық. Түркиямен байланысымыз тұрақты дамып келеді. 2024 жылы Анкара мен Стамбұлда, 2025 жылы Кайсери мен Чанаккаледе жеке концерттерімізді өткіздік, жыл сайын халықаралық фестивальдерге қатысамыз. Алдағы уақытта 18-22 қараша аралығында Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өтетін «Этноспорт» фестивалінде өнер көрсетуді жоспарлап отырмыз.  Ол фестивальді де түрік ағайындар ұйымдастырып жатыр.

– Жақында АҚШ-тағы Smithsonian музейінде өнер көрсеттіңіздер. Шетелдік тыңдарманның қазақтың дәстүрлі музыкасын қабылдауы қандай болды және бұл сапар шығармашылықтарыңызға қалай әсер етті?

– Жаңа мәдениет пен бұрын естімеген дыбыс әлеміне кез келген елдің көрермені ерекше ықыласпен қарайды. Америкалық тыңдарман өте ашық әрі еркін, әсерін жасырмай жеткізеді. Вашингтонда және Нью-Джерсидегі концертімізде, сонымен қатар Тусонда өткен фестивальде көрермен өте жылы қабылдады.

          Сол сапарда ерекше тәнті болғаным – авторлық құқық пен интеллектуалды меншікті мемлекеттік деңгейде заңды қорғау жүйесінің жүйелі жұмыс істеуі. Бізде бұл сала енді реттеліп, цифрландырылып жатыр, әлі толық күшіне енген жоқ. Соның салдарынан біздің туындыларды кейбір мемлекеттік театрлардың өзі рұқсатсыз пайдаланып, билет сатып, гастрольдерге шығып, байқауларда ақшалай жүлде алып жүр. Шығармашылық еңбек коммерциялық табыс әкелген соң, автордың үлесі мен құқығы да нақты ескерілуі тиіс. Ал АҚШ-та радио, теледидар, театр мен сахналық алаңдардың барлығын қадағалайтын арнайы ұйымдар бар. Тіпті туындыны желіге жариялау үшін автордың тірі ұрпақтарынан – баласы, немересі, шөбересінен міндетті түрде рұқсат алынады.

          Дегенмен,  жалпы қазақ халқы – табиғатынан өнерге, шығармашылыққа аса бай халық. Түркі тілдес елдерге барғанда бізді «ата жұрттан келген қонақтар»-деп қарсы алады. Алтайға жақын, көне түркі топырағында отырғандықтан, сол рухани қуат пен өнерге деген текті түйсік біздің халыққа дарып жатыр деп ойлаймын.

– Ансамбльдің композициялары мен   аранжировкасын  кім жазады? Кәсіби академиялық композиторлармен шығармашылық байланыс орнатқансыздар ма?

– Шын мәнінде, бізге арнайы композиция жазған бір-ақ адам болған. Ол жоғарыда атаған Серік Нұрмолдаев. Басқа шығармаларымыздың барлығы дерлік өзіміздің авторлық немесе бұған дейін белгілі халық және заманауи күйші-композиторлардың шығармалары. Музыкалық композицияны  бесеуміз бірге жасаймыз.  Өте көп жұмыс жасап отырамыз. Репетицияларымыз бірнеше сағатқа созылады. Топтың әр мүшесі бұл процеске қатысады,  сондықтан бұл- топтық жұмыс деп айтуға болады. «Хассақтың» репертуарында 40-тан астам шығарма бар, оның шамамен 70 пайызы – өзіміздің авторлық дүниелеріміз, 30 пайызы – халық композиторлары мен халық әндеріне жасалған өңдеулер. Авторлық қоғамға тіркегенде де түпнұсқа авторлығын сақтап, өзіміздің үлесімізді өңдеу ретінде көрсетеміз. Әзірге осы қырықтан астам шығарманың ешқайсысы нотаға түскен жоқ.      Сондай-ақ Төлепберген Тоғжанов ағамыздың «Құс базары» күйін өңдеп орындауға рұқсат алдық. Болашақта осы туындылардың барлығын нотаға түсіріп, ғылымның нысаны ретінде талдауға беруді көздейміз.

 – «Хассақ» ансамблінің алдағы шығармашылық жоспарлары қандай? Дәстүрлі музыканың жаңа қырларын ашуға бағытталған жобаларыңыз бар ма?

– Жақын күндері «Жүрек сыры» атты жаңа туындымызды елмен таныстырамыз. Ол Қайрат Жолдыбайұлы ағамыздың жарыққа шыққалы тұрған «Кемел адам 2: жүрек дауа» кітабының әсерінен туды.           Алдағы басты мақсаттарымыздың бірі – жеке концерттер географиясын кеңейту. Еліміздің Орал, Семей, Өскемен және тағы басқа қалаларына сапармен баруды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар Еуропа мен өзге де шетелдік сахналарда жиі өнер көрсету ұжым тарихы үшін маңызды. Бұған дейін Алматыдағы «Алматы Арена» мен Республика сарайында екі рет, Астанада Конгресс-холл мен Экспо алаңында, Шымкентте және басқа да қалаларда концерт қойдық. Армения, Ресей, Вьетнам, Франция, Англия, Қытай, Тәжікстан және Әзірбайжан сынды елдерде Қазақстанның мәдениет күндері аясындағы Гала концерттері мен халықаралық фестивальдеріне қатысып жүрміз. Соңғы жылдары «Хассаққа» деген сұраныс айтарлықтай артты.

          Тағы бір ауқымды жобамыз – 2028 жылы ансамбльдің 15 жылдығына орай репертуарымыздағы туындыларды нотаға түсіріп, екі томдық жинақ шығару. Сондай-ақ «Хассақтың» қалыптасу жолы мен шығармашылық шежіресін баяндайтын кітап жазу үстіндемін.

– Ержан Ерболатұлы, рахмет!  Сізге алғысымыз шексіз!  Өте мазмұнды әңгіме болды!   Көне аспаптарға жан бітіріп, ұлттық музыкалық мұрамызды жаңа көркемдік биікке көтеріп жүрген «Хассақ» ансамблінің алдағы шығармашылық жобаларына толағай табыс тілейміз!

                                                                      Ғалия Қалымова,

                                                              Құрманғазы атындағы ҚҰК «Музыкатану және композиция» кафедрасының доценті

                                                                        Айым Рамазан,

                                            Құрманғазы атындағы ҚҰК

«Музыкатану және композиция» кафедрасының

«Музыкатану»  мамандығының  4 курс студенті

Ұқсас мақалалар

ОҚУҒА ҚҰШТАР БАЛА: БАСТАУЫШ СЫНЫПТА ТҰРАҚТЫ КІТАП ОҚУ ДАҒДЫСЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ ӘДІСТЕРІ

redaktor

Тіл – достықтың алтын көпірі

redaktor

Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін

redaktor