EL-NAZAR Республикалық педагогикалық журналы
Жаңалықтар

Сапалы мемлекет саналы ұрпақтан басталады

Ұлттың болашағы – жас ұрпақтың қолында. Алайда елдің ертеңі тек білімді жастармен ғана өлшенбейді. Қоғамның сапасы адамның білімімен қатар, оның мінезіне, адамгершілігіне, өмірлік ұстанымына және азаматтық жауапкершілігіне байланысты. Өйткені саналы ұрпақ – өз болашағына ғана емес, елінің тағдырына да бейжай қарамайтын тұлға.

Осы идеяны негізге алған «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы қалалық филиалы ұйымдастырған «Мағжан айлығы» аясында Алматы телекоммуникация және машина жасау колледжінің студенттерімен «Сапалы мемлекет саналы ұрпақтан басталады» тақырыбында кездесу өтті.

Кездесу барысында Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығы, ақынның азаматтық ұстанымы мен ұрпақ тәрбиесіне қатысты көзқарастары кеңінен сөз болды. Әсіресе, «Мен жастарға сенемін» өлеңіндегі жас буынға артылған үміт пен сенімнің мәніне тоқталдық. Ақын жастардың бойынан қайрат, рух, білім мен елге қызмет етуге деген құлшынысты көргісі келді. Оның сенімі – жай ғана мадақтау емес, кейінгі буынға жүктелген үлкен жауапкершілік.

Мағжанның «Педагогика» еңбегіндегі тәрбие туралы ойлар да талқылау өзегіне айналды. Ақын адамды жан-жақты қалыптастыруда дене тәрбиесімен қатар, ақыл, сұлулық, құлық тәрбиесіне ерекше мән береді. Бұл – тұлғаның тек білімді болуын емес, ішкі дүниесі бай, мінезі көркем, ойы орнықты, ісіне жауап бере алатын адам болып қалыптасуын көздейтін тұтас тәрбие ұстанымы.

Кездесуде  Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагері, заң педагогикасының магистрі, отставкадағы полковник Мұхамеджан Тоқтарұлы студенттерге білім мен тәрбиенің өзара ажырамас байланысын түсіндіріп, адами құндылықтар мен азаматтық жауапкершіліктің маңызына тоқталды. Студенттермен пікір алмасу барысында адамның қоғамдағы орны оның алған білімімен ғана емес, сол білімді қандай мақсатта пайдаланып, айналасына қандай пайда әкеле алатынымен өлшенетіні айтылды.

Шын мәнінде, сапалы мемлекет құру – тек заңдар мен экономикалық көрсеткіштерге байланысты мәселе емес. Ол – адал еңбек ететін, өзгенің құқығын құрметтейтін, әділеттілікті бағалайтын, сөзі мен ісіне жауап беретін азаматтарды тәрбиелеуден басталады. Мұндай қасиеттер бір күнде қалыптаспайды. Оның негізі отбасындағы тәрбиеден, білім ордасындағы қарым-қатынастан, қоғамдағы ортақ құндылықтардан қаланады.

Мағжанның жастарға артқан сенімі бүгін де өз маңызын жоғалтқан жоқ. Ақын сеніміне лайық болу – оның өлеңін жаттап алу ғана емес, сол сенімді біліммен, мінезбен, жауапкершілікпен және нақты іспен ақтау.

Кездесу жастарды өз болашағына саналы көзқараспен қарауға, жеке дамуына ұмтылуға және ел игілігіне үлес қосатын азамат болуға жігерлендірді. Себебі сапалы мемлекет – саналы ұрпақтың қолымен, ал саналы ұрпақ – дұрыс тәрбие мен берік құндылықтардың негізінде қалыптасады.

 

Ұқсас мақалалар

Мектеп тәжірибесінде Абай мұрасын жаратылыстану пәндерімен кіріктіріп оқытуда жалпыадамзаттық құндылықтарды қалыптастырудың тиімді жолдары

admin_el_nazar

«WorldSkills Zhetysu 2026» жас мамандар шеберлігінің жарқын көрінісі

admin_el_nazar

ӘЛЕМ ТАНЫҒАН ӘСЕМ ТОП: ҰЛТТЫҚ КҮЙ ӨНЕРІНІҢ АСЫЛ МҰРАСЫН ҰЛЫҚТАҒАН ТАҒЫЛЫМДЫ КЕШ

redaktor