Адам өмірі – баға жетпес құндылық. Өмірдің мәнін түсіну, қиындықтарға төтеп беру, өз сезімін басқара білу және көмек сұраудан қорықпау – әрбір жас үшін маңызды дағдылар. Осы құндылықтарды жастардың бойына сіңіру мақсатында Meta университетінде студенттермен «Мен өмірді сүйемін» тақырыбында танымдық кездесу өтті. Іс-шараға «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы филиалының өкілдері қатысып, жастармен өмірдің қадірі, психологиялық саулық және жеке жауапкершілік туралы мазмұнды әңгіме өрбітті.
Кездесудің негізгі мақсаты – жастар арасында өмірге деген сүйіспеншілікті арттыру, психологиялық саулықтың маңызын түсіндіру, суицидтің алдын алу және қиын жағдайда өзіне де, өзгеге де қолдау көрсете білу мәдениетін қалыптастыру.

Кездесу барысында «Сенімен Болашақ» РҚБ Алматы филиалының басшысы Меруерт Мәулетқызы жастарға өмірдің құндылығы, адамдық болмыс, ішкі жауапкершілік және саналы таңдау туралы ой қозғады. Әңгіме барысында адамның өз болмысын тануы, өзін өзгелермен салыстыруға бой алдырмауы, жеке құндылығын сыртқы бағалаумен өлшемеуі қажеттігі айтылды. Сонымен қатар бүгінгі цифрлық кеңістіктегі қауіптерге назар аударылды. «Болмыс пен бренд», «Цифрлық тұзақ» тақырыптары аясында әлеуметтік желідегі мінсіз өмір бейнесі, өзгелердің пікірі мен лайкқа тәуелділік, виртуалды кеңістіктегі салыстырудың адамның өзін бағалауына ықпалы талқыланды. Жастарға цифрлық ортадағы көрініс пен шынайы өмірдің айырмашылығын түсіну, өз болмысын сақтап, жеке құндылығын саналы түрде бағалау жөнінде ой айтылды.

Кездесудің маңызды бөлігі психолог өткізген тренингке арналды. Педагог-психолог, білім беру және жастарға психологиялық қолдау көрсету саласының маманы, KUMБEL PRO жобасының түлегі, Эмоционалдық интеллект пен тұлғалық даму бағытындағы фасилитатор Рәбина Қобланқызы тренинг барысында студенттер өз эмоцияларын тану, ішкі күйін түсіну, күйзеліс жағдайында өзін қолдау және қиындықтарды еңсерудің тиімді тәсілдерімен таныстырып берді. Психологиялық жаттығулар арқылы қатысушылар өз сезімдерін байқауға, эмоцияны дұрыс жеткізуге, қиын сәттерде сабыр сақтауға және мәселені шешудің қолжетімді жолдарын қарастыруға бағытталған тапсырмалар орындады. Сондай-ақ күнделікті өмірде кездесетін психологиялық қысым, жалғыздық сезімі, сәтсіздіктен қорқу және болашаққа қатысты алаңдаушылық сияқты мәселелер қозғалды.
Университет фельдшері Раш Бейсетайқызы мен психологы Бибігүл Бердіқұлқызы іс-шараны қорытындылап, студенттерге кез келген адамның өмірінде қиын кезеңдер болуы мүмкін екені, алайда қиындықтың болуы адамның әлсіздігін білдірмейтіні түсіндіріп, бір-бірімізді тыңдап, түсініп, қолдай білетін қоғам құру – баршамызға ортақ жауапкершілік екенін жеткізді.


