EL-NAZAR Республикалық педагогикалық журналы
Әдістеме және тәжірибе

Заманауи колледж кітапханасы: Білім мен цифрлық технологиялар тоғысқан кеңістік

Кітап – адамзат баласының баға жетпес асыл құндылығы. Білім мен мәдениеттің биік белестеріне жетелейтін – тәрбие құралы. Кітап оқу кез келген тұлғаны дамытудың қайнар көзі.

            Каспий Қоғамдық университеті колледж кітапханасының  негізгі миссиясы — білім алушы – оқырмандарымыздың  білімін, тәрбиесін және мәдениетін арттыру, студентті тек ақпаратпен қамтамасыз ету емес, оны ақпаратты өңдеп, жаңа идеялар мен жобалар тудыруға қабілетті, бәсекеге қабілетті маман етіп шығаруға көмектесу.  Дәуірлер алмасып, технология қарыштап дамыған сайын адамзаттың білім алу формасы да түбегейлі өзгеріске ұшырауда. Бүгінгі таңда білім ордасының жүрегі саналатын кітапханалар тек қағаз кітаптар тізілген сөрелер жиынтығы болудан қалды. Ол — дәстүрлі құндылықтар мен жаңа заманның цифрлық мүмкіндіктері тоғысқан бірегей экожүйе. Әсіресе, мамандық даярлаудың алтын ұясы саналатын колледждерде заманауи кітапхана — студенттердің креативті ойлауына, зерттеу жұмыстарымен айналысуына және кәсіби дамуына жол ашатын басты инновациялық кеңістікке айналып отыр. Бүгінгі колледж студентін тек қалың энциклопедиялармен таңғалдыру мүмкін емес. Цифрлық ұрпақ жылдамдықты, қолжетімділікті және жайлылықты талап етеді. Білім беруді цифрландыру жағдайында кәсіптік білім беретін оқу орындарының алдында үлкен міндет тұр: ол — ақпараттық ағынды дұрыс бағыттай білу. Дәстүрлі оқулықтар мен әлемдік электронды базалардың   (E-library) өзара интеграциялануы студенттер мен оқытушыларға шексіз мүмкіндіктер сыйлауда.

          Осы орайда колледж кітапханасы 2025-2026 оқу жылында   тек дәстүрлі форматпен шектеліп қалмай, заман талабына сай, кітапхана жұмысына цифрлық технологияларды енгізуді жалғастыруда. Бүгінде біздің оқырмандарға  IPR SMART электронды кітапхана жүйесі қол жетімді. IPR SMART  жинағы 165000 — нан астам  мазмұнды қамтиды, олардың  көпшілігі оқудың барлық  салаларындағы  бірегей оқу мен ғылыми жарияланымдар.

          Заманауи кітапхана — тек технология мен құрғақ білімнің орны емес, ол ең алдымен құндылықтар қалыптасатын тәрбие кеңістігі. Білім мен технология тоғысқан жерде ұлттық тәрбие ұмыт қалмауы тиіс. Осы бағытта, колледж кітапханасы «Біртұтас тәрбие бағдарламасының» негізгі қазығы — «Ұлттық мүдде» құндылығын дәріптеудің басты ошағы болып табылуда. Цифрлық технологиялардың көмегімен (QR-кодтар, аудиокітаптар) студенттерге ұлттық әдебиетімізді, тарихымыз бен мәдени мұрамызды жаңа форматта ұсыну — олардың бойында отаншылдық сезім мен ұлттық кодты сақтауға мүмкіндік береді. Электронды қордағы қазақ тіліндегі көркем әдебиеттердің қолжетімділігі — мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге тікелей қызмет етуде.

          2025-2026 оқу жылындағы атқарылған жұмыстың мазмұны — кітапханада өткізілген мәдени-көпшілік шаралар. Оқырман – студент жастардың  қызығушылығын арттыру мақсатында түрлі форматтағы  іс-шаралар ұйымдастырылды.  Әрине, бұл жетістіктердің артында үлкен жұмыс пен серіктестік байланыс тұр. Биылғы оқу жылында ҚР Ұлттық кітапханасы, «Алмалы кітапханасы», «Қазақстан Жазушылар кітапханасы»,   «№33 қалалық  кітапхана» және «Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер  кітапханасымен» тығыз байланыста болып, бірлесе шаралар өткізілді.

ТК 25-1 тобының студенттері Ұлттық кітапханада Қазақстанның  көрнекті мемлекет қайраткері, заң ғылымының докторы, тарих ғылымының кандидаты, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі Мұхтар Абрарұлы Құл- Мұхаммедтің «Атамұра» баспасынан  шыққан «Менің ағаларым» атты эссе жинағының таныстырылымына қатысты.

Оқу жылында өткізілген шаралар туралы айтып кеткен жөн:  қазақ әдебиетінің майталмандарының – ақын- жазушылардың мерейтойларына арналған кездесулер: Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына «Абай жолы- дара жол» тақырыбындағы кездесуге филология ғылымдарының кандидаты, абайтанушы, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетіндегі «Хакім Абай» ғылыми — зерттеу орталығының директоры – Жабал Шойынбет пен ақын, «Аbаi University» газетінің бас редакторы, «Халықаралық Алаш» әдеби сыйлығының  иегері – Болат Шарахымбай қатысты. Ж.Жабаевтың                  180 жылдығына «Жамбыл жыры – халық үні»- жыр кеші, Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толуына орай «Әр өлеңі — бір әлем» атты әдеби – шығармашылық байқау, «Мукагали- вечная  жизнь» — поэзия сағаты. Жазушы Кәдірбек Сегізбаевтың 85 жылдық мерейтойына орай «Тағдыр толқыны» — кездесу кеші, «Олжас Сүлейменов – қазақ руханиятының  заңғар тұлғасы» шығармашылық кештері өткізілді.

Алмалы» кітапханасымен бірлесе «Бір ел — бір кітап»  республикалық  акциясы  аясында Қазақстанның Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтың «Тағдыр» романының  жыл кітабы  таңдалуына орай өткен кешке ТК 23-2 топ студенттері қатысты. Кешке Қ. Жұмаділовтың баласы  тарих ғылымдарының  кандидаты, ҚазҰУ «Қазақстан тарихы»  кафедрасының  доценті, ҚБТУ қауымдасқан профессоры — Арман Жұмаділов қатысты.

          Сонымен қатар еліміздің айтулы даталарына, соның ішінде Ұлы Отан соғысының ардагерлерін еске алу және атақты жазушыларымыздың мерейтойларына арналған танымдық көрмелермен қатар виртуалды көрмелер, тақырыптық презентациялар оқырмандардың назарына ұсынылып отырылды. Күнделікті «Күндерек парақшалары» мен «Күннің афоризмі» тақырыбында таныстырылым парақшалары қазақ, орыс тілдерінде оқырмандарға ұсынылып отырылды.

          Жыл қорытындысы бойынша «Үздік оқырман» номинациясы тағайындалып, төмендегі студенттер – Адилетқызы Аэлина, Амиржан Аяла,  Бейсен Меруерт, Битөреева Ақерке, Бақытбек Ғазиза, Ермекбаева Гүлайым, Жеңісұлы Диас, Зверева Ева, Махмодова Мехрона, Нуриева Мехирбанум, Оспан Мұратәлі, Оспанғали Аружан,   мен колледж оқытушылары  — Абзалеева Б.Қ., Акимбекова С.Қ., Аксенова- Гяурова О.В., Итемирова А.С., Құрманбек М.Ұ., Козбекова Л.Д. , Цой Д.Э. «Мақтау грамоталарымен» марапатталды.

          Сөзімді қорытындылай келе, заманауи колледж кітапханасы — тек білім мен технологияның ғана емес, «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» аясында ұлттық мүддені қорғайтын, ар-ожданды биік қоятын және талапты жастарды тәрбиелейтін зияткерлік кеңістік. Технология — құрал, ал басты құндылық — адам және оның тәрбиесі болып қала бермек. Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының: «Кітапхана — білім ордасы, ал кітап — адамзат баласының ақыл-ойынан туған қазына» деген сөзін еске салғым келеді. Осы қазынаны бірге сақтап, бірге көбейте берейік.

Ошакбаева Нургуль Крыкбаевна

«Каспий Қоғамдық университеті» колледжі БМ

кітапхана меңгерушісі

«Үздік кітапханашы» төсбелгісінің иегері

 

 

 

Ұқсас мақалалар

Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін

redaktor

Баланың бөтені жоқ

redaktor

Тіл – достықтың алтын көпірі

redaktor