Адамның жаратылысын түсініп болмайсың, жас кезде ауылдан алыстап, сыртта тұрақ тапсам дейсің, мүмкіндіктеріңді жүзеге асырғың келеді. «Ерте есейсем» деп армандайсың, есейгенде жастық дәуренді аңсайсың. Бірақ уақыт дейтін дүние өлшеулі ғұмырдың башпайынан біртіндеп мүжіп келе жатқанын аңғарасың.
Жасың жерортасынан асып, байсал тартқан шақта, кластастарың, құлын-тайдай тебісіп бірге өскен құрдастарың, сана түпкірінде әлі де асыр салып, іліп-тартып, алаңсыз, риясыз, қызғаныш — күдіксіз, көлгірсіз-жалтақсыз қылаң беріп шыға келетіні несі екен?
Балалық шақты аңсағанда ауылдың суреті көңілде дәл сол шақтағыдай айшықтанып ап-анық елестейді.
Біздің ауылдың ежелгі атауы Қызылеспе. Кейін алғаш колхоздастыру кезіндегі саясат ығына қарай Еңбекші аталып, бұл күнде осы атауы нық орнығып қалған. Алайда, Қызылеспе ауылдың дәл бейнесін береді. Еспе деп әдетте су аңғарын, су ескен арнаны айтады. Біздің ауыл Өсек өзенінің аңғарында орналасқан.
Күншығыс тұсында жер табанынан көз мөлшермен өлшегенде 800 бәлкім 1000 метр биіктігі бар Қызылжар бар. Күнбатысында үстірті шөлейт келетін жотаның бүйір-жоны жантайған қалпы созылып жатыр. Үстірт үстінде тұрып көз салған кісі ауылдың су аңғарында, еспеде орналасқанын нақты бажайлай алады. Алқандағыдай көреді.
Өзен болған соң екі ернеуінде тал-теректің бірнеше түрі, қайың, шырғанақ, қара, қызыл қарақат, қарағаш, сәмбі талы ұйысқан, іші ірілі-ұсақты аң-құсқа толы шағын тоғай бар.
Ауылдың етегі саздауыт, шымды. Қыста мұз қататын. Бала кезімізде осы мұз үстінде түрлі ойын ойнайтынбыз. Әр жерінен бұрқылдап бастау шығып жатады. Қыста жылы, жазда тастай суық. Өмір нәрін осы жерден тасимыз. Ауыл халқының жоғары бөлігі ауыз суды Өсектің өзінен немесе іргелес бұлақтардан алады.
Ауыл – бір топ халықтың топтасқан ортасы. Тұрмысқа қажетті, әлеуметтік нысанның бәрі бар. Дүкен. Емхана. Мәдениет үйі. Мектеп. Мешіт. Қатымхана. Кітапхана. Соның ішінде мектеп – балалар үшін қоғамдық орта. Үпір-шүпір етіп осы жерде бас қосып, бір-бірімізді жете танимыз. Бауыр басамыз.
Біздің кластың балалары әрқилы. Әртүрлі мінезді, жан-жақты өнерлі. Өнер дегенде ән салып, би билейтіннен бөлек, әңгімені шебер айтатын артықшылығы бар еді. Әрбіреуі туралы айтар сыр жетерлік. Тарих қойнауына қарай жылжып бара жатқан балалық балғын шақ туралы, көңілге келген көрікті ойларды қағазға түсіруге бел байладым.
Өмірден ерте кеткен кластастарым туралы ой-толғағым келді. Ақ қағазға қара сиямен ескерткіш қойсам дедім. Өйткені олар қазір қасымызда жоқ. Имам-молдалар жиі айтатын Жәннат бағында жүрген болу керек. Ол жерге «тірісінде жасаған күнәсі кешірілгендер барады» дейді. Біздің құрдастарымыз шетінен аузын ашса, жүрегі көрінетін, дала пейілді, ешкімге қиянаты жоқ жандар еді.
Бірі тым ерте, бірі қамал алар жаста дәм-тұзы таусылып, бақиға сапар шегіп кете барды. Тірі болса, сан алуан сыр шертер ме едік, кім білсін? Олар туралы ойлағанда, жаға-жеңі кірлемеген балалық шағым сана саябағында ду-ду, гу-гу асыр салып шыға келеді.
«Қайран балалық шақ» деймін сағынып. «Қайран» деген сөз өкінішті, өткен шақты, қайта оралмас, шарасыз күйді білдіреді. Бір нәрседен дағдарғанда «қолдан келер қайран жоқ» дейтініміз содан.
Қайран кластастарымыз жер басып ортамыз да жүргенде… Олар да елуге келер еді. Елуден асар еді.. Алпыс, жетпіс, сексен, тоқсан.. жүз, мүмкін одан да көп. Жамандыққа қимағанда біз осылай тілек тілеп жатамыз ғой.
Кездесе қалсақ шұрқырап, көрісер едік. Қыжыртып қалжың айтар едік. Амал қанша…
Қайран есіл азамат, кластасымыз Мейірманов Бақыт Нұрғазыұлы туралы ойлағанда, «қайран да қайран кездер-ай» дейміз күрсініп.
Балалар арасында қосымша лақап ат қосақталып жүретіні белгілі. Жалпы ел іші ат қойғыш келеді. Және сол лақап ат адамның ешкім мән бере бермейтін төл болмысын дөп беретіндей боп тұрады. Кім қоятынын, қалай қоятынын білмеймін. Әйтеуір солай аталып кете береді. «Неге олай» деп бас қатырып, ешкім сұрап та жатпайды. Сол лақап атымен кейіпкерді сыртынан атағанда айтушының айызы қанғандай сыңайын танисың.
Айтпағым Бақытты жұрт, сыртынан «бөсербай Бақыт» дейтін. Көзінше айтпайды. Бақыттың мінезі жұмсақ, ашуланса дойыр. «Бөспе» деген ат, әрине, жақсы емес. Бірақ бұл тұста бір қисынды айта кеткен жөн. Біздің халық сөздің мәнін ерекше айырып айтатын қасиетке ие. «Дала академиясының» жазылмаған талабы сондай болса керек. Бір қызығы Бөспе деген суайт, өтірікші деген мағынаны бермейді. Өтірікшіні, суайтты жұрттың суқаны сүймейді. Өтірікшінің шын сөзі далаға кетеді, сырын білетіндер сырт айналып жүргенді қалайды. Өтірікші тек жағынан алғанда өсекшімен туыстас. Өсекші деп әрдайым екі адамның арасында от салып, көбігі көп сөз тасып, араздастыруды көздейтіндерді айтады. Ал енді бөспеліктің жөні бөлек, бұл зиянсыз. Бәріміз білетін Тазша баланың «Қырық өтірігі» іспетті, пайдалы. Жеке бастың сәл мақтан қосылған қиялға, шабытқа толы әңгімесі. Оны тыңдасаң зиян шекпейсің, керісінше көңілің шалқып мәз болып, шаттыққа бөленіп қаласың. Бөспе сөзіне бай сөзінің қосақталуы бұл мағынаны тіпті жұмсартып, еркелетіп, сүйініп айтуға алып келеді. Бақыттың бөсербайлығы оның ешкімге ұқсамайтын айтқыштық қасиетінің анықтауышы еді.
Ол өтірік айтпайтын. Өтірікке жаны қас еді. Ол бала қиялмен шекарасыз, ешкімге зияны жоқ риясыз әңгімелер шертетін. Ұйып тыңдайтынбыз. Қайсы бірі есте. Сол сәтте жазып алмадық. Ол да қайталап жатпайтын. Жаңасын табатын. Бүгінгі күні әлеуметтік желі де оқырманы көп жандар, қисыны келсін, келмесін, түрлі әңгімелер салып жатады, себебі оқырмандарын ұстап тұру қажет. Бақыт та өз заманының қиялшыл блогері болған екен ғой.
Бақыт екеуміз мінез жағынан жақын болдық па, арамыз да кластастықтан бөлек ерекше сыйластық бар еді. Көп бірге жүрдік. Әсіресе бастауыш сынып кезінде. Сірә, мені басқа қу тілді кластастарым секілді «қара қойшы» деп мазақтамаса керек. Мен оны, ол мені жалықпай тыңдайтын болуымыз керек. Біреуді біреу құптап тұрса, одан артық не керек.
Бақыттың төрт құбыласы түгел. Ауылдағы ең еңселі үйдің бірінде тұрады. Шаруашылығы жып-жинақы. Қоралары да үй сияқты. Бәрі ретті. Қой қора, сиыр, жылқы бәрінің өз тұрағы бар. Үй құстарының жөні тіпті бөлек. Жеміс бақшалары ретті. Арасында еркін демалуға болады. Алма, өрік, алхорының түр-түрі, уақыты келгенде уылжып пісіп тұрады. Жесең дәмі тіл үйіреді. Көкөніс өсіретін бақшасы, жоңышқалық бөлігі бәрі-бәрі жарасымды, ретті. Әсірелеп айтсақ, қыздың жиған жүгіндей, жымдасып, жұтынып тұр. Мұның бәрі әкесі Нұрғазының шаруаға мығымдығынан болса керек.
Бес бөлмелі, қызыл түсті темір шатырлы үйдің іші қашан көрсең «хан сарайы» дейтіндей, тазалықтың лебі есіп, жылылық шашып тұратын. Көп баратын болуым керек, бәрін жақсы білемін.
Анасы Кәмила апай ерінің тапқанын ұқсатып, шаңырақтың шаттығын шарықтата білгенінен болса керек. Жалғыз әпкесі Жәмилә бізден 3-4 сынып жоғары оқыды. Озат оқушы. Озат болу әр кезде де абыройлы. Озат болудың ішінде бәрі бар. Үлгілі, ұқыпты, талғампаз, тәрбиелі, ең бастысы білімді. Ағалары дерлік оқуда екен, оларды көре алмадық. Бәрі жоғары оқу орындарында оқиды, оқығанда білім мен ғылымның ошағы қайнаған жерде, бәлкім Мәскеуде, бәлкім одан да алыс-жақын жерде оқитын болуы керек. Әйтеуір ауылдан аттап шықпаған мен үшін тым-тым қашықта еді, қашықтығына өрем жете бермейтін. Бақыт әсіресе осы ағалары туралы айтқанда шарықтап, шабыттанып кетуші еді.
Ағалары қандай… Айтса айтқандай. Ерекше жаратылған жандар. Елден ерек. Отқа салса жанбайды, суға салса батпайды. Бір төбенің шаңын, бір төбеге қосады. «Япырай» деймін, осындай ағалары бар шын бақыты Бақытқа қызыға қарап. «Менің де, шірікін, ағаларым болғанда ғой. Бақыттың ағаларымен бірге жүрсе…»
Қобыланды, Ертарғын, Қамбар, Ертөстік сияқты батырларды оқып жүрген шағымыз. Бақыттың ағаларын дәл солай елестетем. Басқаша мүмкін емес. Айырмашылығы аталған батырлардың өзіне серік Тайбурыл, Тарлан, Қарақасқа, Шалқұйрық атты тұлпарлары бар. Бақыттың ағаларында ондай тұлпар жоқ, бірақ қызыл мотоциклі бар.
Алматыдан, Мәскеуден, тіпті одан да алыс-жақында тұрып, туған ауылын, әке-шешесін, бауырларын сағында дүр еткізіп, оталдырады да, зырлатып жетіп келеді екен. Ондай мото басқа ешкім де жоқ. Арылдатып айдағанда, зулағанда желдің өзіне жеткізбей Лесновка ауылының төбесінен аңыратып шыға келеді.
Қызылжардың желкесіне қызыл мотомен ентігіп кеп, тоқтайды. Ол кезде 1983-85 жылдары Лесновка мен Еңбекші ауылын бөліп жатқан Өсек өзіне салынған су бөгеті-Плотинадан кез келген көлік өткізуге тиым салынған. Тышқан жоғалатпайды. Күзет қатаң. Айтпақшы, Бақыттың әкесі осы плотинада еңбек етеді. Суға жауапты. Бірақ өз баласын өткізсе заңға томпақ.
Бақыттың ағалары да «есік аш деп жалынып тұратын» тұратын жасық емес, қызыл мотомен Қызылжардың қырқасынан бірақ қарғып, ешкімнің үйіне соқтықтай, ауылдың аяқ жағындағы сазға аспаннан түскендей топ ете қалады. Құламайды. Мотоны бір қарғытып алады, үйіне жетіп келеді. Ғажап емес пе. Бақыт айтып тұр. Қалай сенбейсің. Қызыл мотоға өзі де мініп көрген екен, «тау, тас, ағаш, су бөгет емес қарғып кете береді» дейді.
Шынында ондай ғаламат мото ешкімде жоқ. Ауыл арасында жүрген бірен-саран тырылдақтар, Қызылжардан қарғымақ түгіл, арықтағы судан өте алмайтынын талай көрдік. Бақыттың ағалары мотоны сонау Мәскеудің өзінен алса керек. Бәлкім, арнайы жасатқан. Әйтеуір, ерекше, тіпті сиқыр күші бар. Қысқасы, қызыл мото Бақыттың ағаларынан басқа ешкімнің икеміне көнбейді.
Әлқисса, осы оқиғадан бақандай 8-9 жыл өткен соң, ес жиып етек жапқан, ертегіге сенбейтін, «ах дегенде апамыздың, ух дегенде атамыздың аузынан түсіп қалмағанымызды» түйсінетін жасқа жеткенде шамасы 1991 жылы соңғы қоңырау мерекесінде мектеп бітіргендеріне 5 жыл толған түлектермен кездесу болды. Түлектер қандай үлгі. Шеттерінен мықты. Көбі студент. Соның ішінде Бақыттың Нұржан ағасы да бар еді. Сол кездегі Алматыдағы Ауыл шаруашылығы институтының 5 курс түлегі екен. Еңсегей елестеді. Айтса айтқандай екен. Орта мектепті бітіруге 1 жыл қалған, «студент болсақ» деген арманымыз кеудемізде қайнап жатқан шақ. «Нұржан аға сияқты қашан 5 курс оқып, мектепке кеп тұрар екенбіз, мені де сөйтіп таныстырса ғой» деймін тәтті қиялға беріліп.
Ғайыптан тайып Нұржан ағасымен оңаша әңгімелесудің сәті кеп қалмасы бар ма? Мұндай қуанбаспын. Ауылдың жекеменшік қойын бағатын едік. Сенбі, жексенбі сабақтан бос кезде қой бағу біздің міндет, әкеміздің үйде шаруасы шаш етектен. Ауылдың күнбатыс іргесіндегі жотаға қой өргіземіз. Жекеменшік қойы көп ауылдың бірнеше тұрғыны, бақташыға қоспай өзі бағатын. Себебі, бақташыға ақы төлеу, қымбат болса керек. Қойың көп болса, көп төлейтінің анық қой. Бақыт та солай. Қой баққан жұрт бір-бірін қара тартып, әңгіме айтуға құмар.
Астымдағы атты тебініп, желе жетіп келсем, қой қайырып жүрген Нұржан аға екен. Демалыста жүр. «Содан оқуға қалай түсу, қалай оқу керек?» деп ал кеп сұрайын.
Өзінің емтиханнан қалай өткенін әңгіме қылады. Қызық, тарихтан емихан тапсырғанда «1976 жылы КПСС-тің қаншаншы сьезд өтті?» деген қиын сұрақ келген екен, Нұрекең дереу ойлаған 1986 XXVII съезд өткенін жақсы біледі, содан 5 жылдан шегере қойған да дереу жауап берген. «Не деген білім» деймін таңданып, таңданғаным сонша осы оқиға есімде тасқа қашағандай сақталып қалды. «Осындай сұрақ келсе, мүдірмес ем» деп қоям іштей.
Айтпақшы дәл осы 1991 жылы Серік ағасы да мектепке орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі боп келді. Орысшаны орыстардан артық біледі, тіпті жылмайды. Сабақты түсіндіргені қандай, жаңаша екпін бар. Енді ше, сонау қалың орыстың ортасында білім алып келген жан, оңай шағылатын жаңғақ емес. Сымбатты әрі бойдақ, білімді жігітті көргенде жоғары сыныптың қыздары, көздері сүзіліп, өздері үзіліп кете жаздайтынын әредік байқап қаламыз. Серік ағасы орысша оқу қонған мықты жан боп шықты.
Серғазы ағасы… Ол кісіні кейіндеу білдік. Өзіміз де студент атанған шақта. Аудандағы ең мықты дәрігердің бірі екен. Дәрігер болу үшін орысша білу аз, латын дей ме тағы бір ескі тілді меңгеру керек. Оқуы кез келгеннің оң жамбасына келмейді екен. Көрінген көк аттының илеуіне көнбейтін оқуды Серғазы аға, ерттеулі аттай етіп мініп алса керек. Күректей 7 жылын тауысып кепті.
….Әдеттегідей, бір күні түстен кейін Бақыттың үйіне барсам, есік алдында жарқырап қызыл мото тұрсын. «Восход» маркалы ұмытпасам. Бұл кезде бала мұртымыз тебіндеп техникаға құмарта бастаған шағымыз. Сәду кластас сабақтан кейін, әкесінің ЮМЗ тракторымен су таситын. Мен үйдегі газ 69 машинасын орнынан қозғап, тізгіндеп қалған кезіміз. Бақытта мото. Дүрілдетіп ауылды бір айналып келейік дейміз. Көрші ауылға барсақ та болады. Дайын көлік. Бақыт та бейіл. Бірақ қызыл мото жын қаққандай оталмайды. «Бағана от алған, кеше мінгем» дейді. Итерсек те от алар емес. Ары-бері сүйреп, сілікпеміз шықты. Пырылдап, көк түтіндеп барып, тұншығып қалады.
«Бақыт, мынау сенің Серік, Серғазы, Нұржан ағаларың Қызылжардан қарғытып жүрген сиқырлы, қанатты қызыл мото емес пе?» деймін күлкіге тұншығып. «Қайдағы жардан секірген, сенің де шығармайтының жоқ» деп бұлқан-талқан ашуланады. Мен қайталап қоймаймын. Ол әңгімені ұмытып қалған. Бәлкім жорта білмей тұр.
Бақыттың бір қасиеті, мүмкін, шын қасиеті өзіндегі бар дүниені осылай әсірелеп, айта алатын әңгімешілдігі еді. Содан да болар жұрт оны сыртынан «Бөсербай» атайтыны. Ауылдағы ағайынның сырын білетін жұрт «әкесі Нұрғазы да сондай шебер әңгімешіл, шежіреші еді» дейді.
Осы өнерді ары қарай жетілдірсе, мықты жазушы болар ма еді. Өзіне де кезінде талай айттым. Бірақ Бақыт үйдің кенжесі болған соң ерке болды ма, әлде әкесі «осы балам шаруаға ие болсын» деді ме, ұзап оқи қоймады. Институт туралы әңгіме болмады. Талдықорған қаласындағы кәсіптік училищеге, қолөнер мамандығына түсіп еді, бір жыл оқыды ма, оқымады ма, оны аяқтағанын білмедім. Бірақ бас бармағы майысқан шебер еді.
Бақыт кейін қасы-көзі қиыған көрші ауылдың кермиық та кербез Айгерім деген қызымен бас қосып, отау құрды. Айгерім – мұғалім. Үй шаруасына да ұқыпты боп шықты. Енеге жақты, сырласына айналды. Бақыт екеуі сондай жарасып тұратын. Бақыт болса ағаларының мықты тірегі. Ағаларының да малын қосып бағып, қағып өсіріп отыр. Шаруашылығын дөңгелетіп ап кетті. Ауқатты. Бірер рет бізді де отбасымызбен үйіне шақырып, бір топ кластас таңға думандатып, балалық шақтан талай қызықты естелік айтып мәре-сәре боп тарасқанбыз. «Жиі аралас-құралас болайық» деп шештік. Арамызға жылдар салған салқындық ізі көмескіленіп, жаңа бір байсалды сыйластық орнап қап еді.
…Сөйткен Бақыт, қайырымды, мейірімді, ақкөңіл, жомарт Бақыт, «ауылдан Жаркентке такси болам» деп төрт көшенің қиылысындағы такси тұраққа, шаруақор әдетімен ерте келіп, «адам жиылғанша, көз шырымын ала тұрайын» деп мәңгілік ұйқыға кете бар-ды. Дәрігер бауырынан сұрап ек, «осы уақытқа дейін бір жерім ауырды деп шағынып, көмек түгіл, дәрі сұраған емес» дейді. Кімнің талқаны қай күні, қай жерде таусылады, анығы Аллаға ғана аян. Бізді пенде дейтіні сондықтан. Дәм таусылар шақты ешкім болжай алмайды.
Соңында туған-туысы, бауырлары, анасы, аяулы жары, алтын асықтай балалары қалды. Орынында қалған оңалар деген бәрі де ержетті. Үлкен ұлы әкемнің арманын жүзеге асырып, «мықты шаруа иесі болам» депті. Болған шығар. Айгерім де ошағының отын қисайтпады, енесінің күтімін жасап, әулеттің берекесін әуелетіп, кім үйі десе «Бақыттың шаңырағы» дегізіп, асқақтатып келе жатыр.
Қазіргі кезде тұңғыштары Айжан — Алматы қаласында дәрігер, Асан IT универсиетінің түлегі, Асылжан – АТУ-да ақпараттық қауіпсіздік мамандығы бойынша студент, кенжесі Ақжол – 11 сынып оқушысы екен.
Ерғазы Манапұлы, Астана қаласы әкімдігі Әдістемелік орталығының әдіскері.
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

