EL-NAZAR Республикалық педагогикалық журналы
Әдістеме және тәжірибеЖаңалықтар

Қытай қазақтарының музыкалық мұрасы: дәстүр, сабақтастық және мәдениетаралық диалог

   2026 жылғы 3 қарашада Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында (Алматы) «Қытай қазақтарының музыкалық мұрасы және қытай композиторларының шығармашылығы» атты халықаралық дөңгелек үстел өтті. Ғылыми-мәдени іс-шараның негізгі мақсаты – Қытай Халық Республикасының Шыңжаң аймағында мекендейтін қазақтардың дәстүрлі музыкалық мұрасын зерделеу, оның тарихи сабақтастығы мен қазіргі даму ерекшеліктерін айқындау, сондай-ақ қытай композиторларының шығармашылығындағы қазақ музыкасының көрінісін қарастыру және Қазақстан мен Қытай арасындағы кәсіби музыкалық байланысты нығайту.

   Дөңгелек үстел жұмысы үш негізгі бағытты қамтыды. Бірінші бағыт Шыңжаң қазақтарының дәстүрлі музыка мәдениетіне арналды. Оның аясында домбыра, сыбызғы және басқа да дәстүрлі музыкалық аспаптардың мұрасы, қазақ диаспорасының ән-жыр дәстүрлері, ауызша-поэтикалық жанрлардың ерекшеліктері мен орындаушылық мектептердің қалыптасуы қарастырылды. Сонымен қатар дәстүрлі музыканың ұрпақтан ұрпаққа берілу үдерісі, оның тарихи ортадағы өзгерістері мен қазіргі мәдени кеңістіктегі трансформациясы мәселелеріне назар аударылды.

   Екінші бағыт қытай композиторларының шығармашылығындағы дәстүрлі қазақ музыкасының көрінісін зерттеуге арналды. Бұл ретте ұлттық музыкалық интонациялардың кәсіби композиторлық шығармашылықта қолданылуы, қазақ музыка мұрасын зерттеу мен жүйелеу, ноталық хаттамаға түсіру және мұрағаттау мәселелері талқыланды. Үшінші бағыт Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдениетаралық музыкалық диалогты дамытуға, отандық және қытайлық этномузыкатанушылардың ғылыми ынтымақтастығын кеңейтуге арналды.

    Іс-шараға этномузыкатанушы ғалымдар, композиторлар, дәстүрлі музыка орындаушылары, жоғары оқу орындары мен колледждердің оқытушылары, докторанттары, магистранттары және студенттері қатысты. Дөңгелек үстелдің жұмыс тілдері қазақ, орыс және ағылшын тілдері болды. Мұндай көптілді ғылыми орта әртүрлі академиялық және мәдени кеңістіктердің өзара пікір алмасуына мүмкіндік берді.

    Дөңгелек үстелдің пленарлық бөлімін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры, философия докторы (PhD) Гаухар Қошқарбекқызы Тасбергенова құттықтау сөзімен ашты. Одан кейін консерваторияның «Музыкатану және композиция» кафедрасының профессоры, өнертану ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Сәуле Ысқаққызы Өтеғалиева және «Домбыра» кафедрасының профессоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, күйші Біләл Алпанұлы Ысқақов қатысушыларға ізгі тілектерін білдірді.

    Ғылыми баяндамалар легін Бейжің қаласынан келген Modern Sky компаниясының арт-директоры, музыкант-сыншы Чжан Сяочжоу «Қытайдың Шыңжаң аймағындағы қазіргі қазақ этникалық музыкасының эволюциясы мен трансформациясы» тақырыбындағы баяндамасымен бастады. Баяндамада қазіргі этникалық музыканың даму үдерістерін, дәстүрлі мұра мен заманауи музыкалық тәжірибенің өзара байланысын қарастыру мәселелері көтерілді.

   Астана қаласынан келген диктор, домбырашы Жанасылұлы Қызырбек «Жоңғы қазақ музыка мәдениетінің бүгінгі күндегі танылымы» тақырыбында сөз қозғады. Ал Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Халық әні» кафедрасының қауымдастырылған профессоры міндетін атқарушы, философия докторы (PhD), Б. Қарақұлов атындағы Түркі музыка мәдениеті мен мұрасы және Фольклорлық ғылыми-зерттеу лабораториясының меңгерушісі Бағлан Жолдасқызы Бәбіжан «Шыңжаң өңірі, Іле аймағының ән фольклоры: Жалғас Мұқайқызы шығармашылығының негізінде» атты баяндамасында аймақтық ән фольклорының ерекшеліктерін нақты шығармашылық мұра негізінде қарастырды.

    Шыңжаңнан келген композитор, мәдениет қайраткері Бұданбай Смағұл «Шыңжаң (ҚХР), Іле Қазақ автономиялық облыстық ән-би үйірмесінің құрылуы және дамуы» тақырыбында аймақтың музыкалық-мәдени өміріне қатысты мәселелерді ортаға салды. К. Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің «Домбыра» кафедрасының үшінші курс студенті Нұрбибі Нұрымбайқызы «Іле өңіріндегі күйшілік мектеп» тақырыбында жас зерттеуші ретінде дәстүрлі күй өнерінің аймақтық ерекшеліктеріне тоқталды.

   Этнограф, зерттеуші Долда Кенешұлы «Жоңғы қазақтарының музыкалық мәдениетіндегі фольклорлық дәстүрлер: тарихи сабақтастық және қазіргі үрдістері» атты баяндамасында музыкалық фольклордың тарихи-мәдени сипатын қарастырды. Домбырашы Аршын Кәсімбай «Шыңжаң қазақтарының күй мектебінің қалыптасуы және дамуы» тақырыбында күйшілік дәстүрдің қалыптасу ерекшеліктерін сөз етті. Өнертану ғылымдарының магистрі, сыбызғышы, әнші, көмейші және мультиинструменталист Ақжол Жүсіп «Сыбызғы күйлерімен қазақтың тәңіршілік дәстүрінің байланысы» тақырыбында дәстүрлі аспаптық музыканың дүниетанымдық негіздеріне назар аударды.

   Дөңгелек үстелде дәстүрлі мұрамен қатар кәсіби музыкалық шығармашылық мәселелері де қамтылды. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Ансамбльдік өнер» кафедрасының оқытушысы, өнертану ғылымдарының магистрі Ділнәр Еркін «Бақытты Салиха» ішекті квартетінің стильдік және орындаушылық ерекшеліктері» тақырыбында баяндама жасады. Б. Қарақұлов атындағы Түркі музыка мәдениеті мен мұрасы және Фольклорлық ғылыми-зерттеу лабораториясының қызметкерлері Ермек Қазмұхамбетов пен Ерболат Әлімқұл «Күйші Нұрбол Сыланбайұлының күйшілік, орындаушылық мұрасы» тақырыбын ұсынды. Домбырашы Бақытхан Жұмакәдірұлы күйші Егінбай Елеусізұлының шығармашылық мұрасын таныстырды.

   Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің оқытушысы Дамир Жанисбекұлы Рахимбердиев «Қытай қазақтарының ән мұрасындағы нұсқалық ерекшеліктер («Елім Құлжада» және «Өр Алтай» әндері негізінде)» атты баяндамасында аталған әндердің музыкалық нұсқаларын салыстыру мәселесіне тоқталды. Өнертану ғылымдарының магистрі Ләзат Ақихат «Шыңжаң қазақтарының домбыра музыкасы: зерттеу еңбектері» тақырыбында аймақтың аспаптық музыкасына қатысты ғылыми ізденістер мен зерттеу бағыттарын таныстырды.

   Пленарлық бөлімнің маңызды сәттерінің бірі – «Қанат қақты (Шыңжаң қазақтарының күйлері)» атты жинақтың таныстырылымы болды. Бұл басылым Шыңжаң қазақтарының күйшілік мұрасын жинақтау, сақтау және ғылыми айналымға енгізу бағытындағы жұмыстардың маңызын айқындайтын мәдени-ғылыми бастамалардың бірі ретінде ерекшеленді.

   Дөңгелек үстел аясында дәстүрлі музыкалық орындаушылықты тәжірибе жүзінде танытуға бағытталған шеберлік сабақтары да ұйымдастырылды. Диктор, домбырашы Қызырбек Жанасылұлы «Алтай–Тарбағатай домбыра күйлерінің орындаушылық ерекшеліктері» тақырыбында шеберлік сабағын өткізді. Ал өнертану ғылымдарының магистрі, сыбызғышы, әнші, көмейші және мультиинструменталист Ақжол Жүсіп «Дәстүрлі сыбызғы үнінің ерекшелігі» тақырыбында практикалық сабақ жүргізді. Бұл кездесулер қатысушыларға дәстүрлі аспаптардың дыбыстық мүмкіндіктерін, орындаушылық тәсілдерін және аймақтық мектептердің өзіндік сипаттарын тікелей тәжірибе арқылы танып-білуге мүмкіндік берді.

    Дөңгелек үстелдің модераторы – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы Халық музыкасы факультетінің «Домбыра» кафедрасының доценті, докторант Баян Қалдыбекқызы Игілік болды. Қытай тілінен аударманы Халық музыкасы факультетінің «Қобыз және баян» кафедрасының оқытушысы, өнертану ғылымдарының магистрі Тогжан Женисова, ағылшын тілінен аударманы «Арнайы фортепиано» кафедрасының оқытушысы, өнертану ғылымдарының магистрі Әсем Азаматқызы Закирова қамтамасыз етті.

   Іс-шараны ұйымдастыру жұмысына Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының басшылығы, факультеттері мен құрылымдық бөлімшелерінің өкілдері, кафедра меңгерушілері, оқытушылары және студенттері жұмылдырылды. Жалпы алғанда, халықаралық дөңгелек үстел Қытай қазақтарының музыкалық мұрасын тарихи, этномузыкологиялық және орындаушылық тұрғыдан зерделеуге арналған маңызды ғылыми алаңға айналды. Баяндамалар мен тәжірибелік сабақтар дәстүрлі ән және күй мектептерінің аймақтық ерекшеліктерін, музыкалық мұраның сақталу тетіктерін, орындаушылық дәстүрдің сабақтастығын және қазіргі мәдени кеңістіктегі өзгерістерін әр қырынан қарастыруға мүмкіндік берді.

   Осындай ғылыми-мәдени кездесулердің маңызы – музыкалық мұраны тек тарихи ескерткіш ретінде сақтау ғана емес, оны қазіргі зерттеу тәжірибесімен, орындаушылық мектептермен және кәсіби музыкалық білім беру жүйесімен сабақтастыра дамыту. Осы тұрғыдан алғанда, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында өткен халықаралық дөңгелек үстел Қазақстан мен Қытай арасындағы музыкалық-мәдени байланысты нығайтуға, ортақ мұраны ғылыми тұрғыдан зерделеуге және келешек зерттеулерге жаңа бағыттар ұсынуға негіз болды.

Темиргалиева Наргиз,

Дилшодбек кызы Робияхон, Елтайқызы Айым

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының

«Музыкатану және композиция» кафедрасының магистранттары

Ұқсас мақалалар

Өлеңге әркімнің – ақ бар таласы

redaktor

«Еңбегі адал жас өрен» жобасы

redaktor

«ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЖАЗУ ӨНЕРІ»: 6-СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ АВТОРЛЫҚ ЖАЗЫЛЫМ ДАҒДЫСЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ ЖОЛДАРЫ

redaktor