Бала болашағы мен ұлт тағдыры тоғысқан киелі мекен – Жалқамыс ауылындағы жаңа мектеп
Бала болашағы мен ұлт тағдыры тоғысқан киелі мекен – Жалқамыс ауылындағы жаңа мектеп қабырғасында тағылымы мол кездесу өтті. Қарттар күні мен Ұстаздар мерекесіне орай ұйымдастырылған шарада саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ардагер ұстаздар, ауыл ақсақалдары мен бүгінгі жас буын бас қосты.
Кездесудің қадірлі қонақтары қатарында Жалқамыс ауылының өсіп-өркендеуіне зор үлес қосқан, №15 жалпы білім беретін мектепті 20 жылдан астам абыроймен басқарған, білім ордасының іргетасын бекітіп, өзіндік дәстүрін қалыптастырған ардагер директор Нұрғали Ерқасымұлы болды. Сондай-ақ егемендіктің алғашқы жылдарындағы қиындықтарға қарамастан, ауылда тұңғыш қазақ мектебінің ашылуына мұрындық болып, бүлдіршіндерге алғашқы әліппені үйреткен Назым Демеуқұлқызы, Абдраимова Гүлшат Іргебайқызы, Сұлтанова Айсұлу Айтқұлқызы, Кадиркулова Ғалия Қағазбекқызы, Жұманазарова Сымбат Жанабайқызы сынды бастауыш сынып мұғалімдері мен өзге де ардагер пән ұстаздары қатысты.

Шара барысында ардагерлер еңбек жолындағы естеліктерімен бөлісіп, алғашқы қазақ сыныптарын ашу кезеңіндегі тарихи сәттерді еске алды. Нұрғали Ерқасымұлы мектеп басқарудың жауапкершілігі мен ұжымды ортақ мақсатқа жұмылдырудың маңызын айтса, бастауыш сынып ұстаздары әр баланың жүрегіне жол табудың өзіндік сырларымен бөлісті.
Кездесуге Салимов Сайлау Құныпияевич, Аклямов Дәукен Аклямович, Каракатова Сара Мантаевна, Жасыбаева Гүлнара Таймухановна, Абдраманова Анипа Дәкебаевна, Кулькеева Шолпан Салимжановна, Адильчиева Анар Суйнбековна, Демеукулова Сәуле Айтмолдаевна, Шамаева Ақжан Исхакаовна, Рамазанова Насима Кыдырхановна, Кудайбергенова Гүлбану Мукановна, Ибраимова Тұрсынхан Абуталиповна, Аукалиева Раиса Кумисхановна, Жунисбекова Майра Кзайбековна, Гусманова Ботагөз Казимовна, Есмагамбетова Жұлдыз Таубаевна, Есжанова Щәриза Мәдәлімқызы сынды ардагер ұстаздар да қатысты. Сонымен қатар ауылдың ардақты қариялары Тоқтаушов Мұрат Орысбаевич, Медеубеков Тоқтасын, Талипов Қанат, шебер Биаздыкова Ұлжалғас Әлімбекқызы мен ардагер ұстаз Есжанова Шәриза Мәдәлімқызы сияқты ақ жаулықты аналар да жаңа мектептің ашылу қуанышына ортақтасты.
«Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» демекші, ардагерлеріміз өнерімен де көпшілікті тәнті етті. Әсіресе Тоқтасын атамыздың «Кегенге кел!» әні мен Нұрғали ағамыздың орындауындағы «Көңіл толқуы» әні жиналғандарға ерекше әсер сыйлады. Кездесудің тағы бір жүрекке жылы тиген сәті – ардагерлердің жаңа мектепке жасаған тартуы болды. Олар арнайы құтыларда өсірілген сәндік гүлдерін білім ордасының көркін арттыратын естелік ретінде табыс етті.
Іс-шара соңында кездесудің ұйымдастырылуына ұйытқы болған мектеп директоры Д.Кахарман ардагерлерге алғысын білдіріп, арнайы келіп, қуанышқа ортақтасқандарына ризашылығын жеткізді. Қариясын құрметтеген елдің еңсесі биік, ұстазын ұлықтаған ұрпақтың болашағы жарқын. Осындай өнегелі кездесулер арқылы өткеннің аманатын бүгінге жеткізіп, кейінгі буынға ізгілік пен құрметтің үлгісін қалдыру – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Гүлжанар Әкімханқызы,
№47 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,
Жалқамыс ауылы

