25 қазан – Республика күніне орай Талғар қаласындағы «Ковчег» балалар үйінде тәрбиеленушілерге қуаныш сыйлап, олардың көңілін көтеруге бағытталған қайырымдылық іс-шарасы ұйымдастырылды. Мерекелік кездесудің басты мақсаты – балаларға қамқорлық таныту, мейірім мен жылулық сыйлау, сондай-ақ қоғамдағы бірлік пен өзара қолдаудың маңызын дәріптеу.
Іс-шараға Республикалық Достық үйінің өкілдері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен белсенділері, білім беру және мәдениет саласының мамандары, ЕТЭК колледж студенттері және еріктілер қатысты.
Қайырымдылық шарасына қатысқан қонақтардың қатарында Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, «Мурас» қырғыз этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Манас Нурмаматович Ташыбеков; Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, «Алматы қаласының түрікмен этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Огузхан Абдулкерим; «Дүңгендерінің Қазақстан этномәдени бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Римма Рамазановна Масырова; «ATA YURD-NOMAD» әзірбайжан этномәдени бірлестігі республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Насиха Гумаровна Кенжина және бірлестік белсенділері болды.
Сондай-ақ «ДҚЭМБ» республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы қаласы бойынша филиалы Жастар қанатының төрағасы Ахмет Зуанеевич Маянов, Еуразиялық техника-экономикалық колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Шынар Кустаевна Утаганова бастаған колледж студенттері, Алматы қалалық Халық әндері театрының көркемдік жетекшісі Марина Сергеевна Гранова бастаған әріптестері және ерікті Нұрмаханбет Мадиярұлы Алдатаев қатысты.
Мереке аясында балаларға арнап дастарқан жайылып, қажетті заттар мен сыйлықтар табысталды. «ДҚЭМБ» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдері балаларға жылы киімдер, аяқ киімдер және ас әзірлеуге арналған 10 килограмм жас қой етін сыйға тартты. Ал Еуразиялық техника-экономикалық колледжінің студенттері тәрбиеленушілерге ойыншықтар табыстап, олардың қуанышына ортақтасты.
Мерекелік бағдарламаның мазмұны балалардың қызығушылығы мен белсенділігін арттыруға бағытталды. Тәрбиеленушілер қонақтармен бірге ән айтып, би билеп, түрлі ойындарға қатысты. Ростовой қуыршақтар балаларға ерекше көңіл күй сыйлап, музыкалық аспаптарда ойнау бойынша ұйымдастырылған шеберлік сабағы олардың шығармашылық қабілеттерін танытуға мүмкіндік берді. Балалардың шат күлкісі мен көтеріңкі көңіл күйі мерекенің шынайы мәнін айшықтады.
Бұл шараның маңызы материалдық көмек көрсетумен ғана шектелмейді. Балаларға уақыт бөліп, олардың қуанышына ортақтасу, мейірім мен жанашырлық таныту – қоғамның адамгершілік құндылықтарын нығайтатын игі істердің бірі. Әсіресе, Республика күні секілді ел бірлігі мен ортақ жауапкершілікті дәріптейтін мереке қарсаңында мұндай бастамалардың тәрбиелік мәні зор.
Ұйымдастырушылар мен қатысушылар балаларға қамқорлық танытып, қайырымдылық шарасына үлес қосқан барлық демеушілерге, этномәдени бірлестіктердің өкілдеріне, колледж студенттеріне, мәдениет қызметкерлеріне және еріктілерге шынайы алғыстарын білдірді.
Балаға көрсетілген қамқорлық – болашаққа жасалған жақсылық. Осындай игі бастамалар қоғамдағы достық пен ынтымақтастықты нығайтып, ұлттар арасындағы татулықтың және ортақ адамгершілік құндылықтардың өміршеңдігін көрсетеді.
Еліміздегі бірлік пен келісім нығайып, ортақ шаңырағымыз – Қазақстан өркендей берсін! Әрбір бала бейбіт аспан астында бақытты балалық шақты бастан кешіп, мейірім мен қамқорлыққа бөленіп өссін!
Р.Р.Масырова

