EL-NAZAR Республикалық педагогикалық журналы
Жаңалықтар

Адал еңбек және кәсіби жауапкершілік

Мамандық таңдау – адам өміріндегі маңызды шешімдердің бірі. Ал сол мамандықты жүрек қалауымен таңдап, өз ісіне адалдықпен қарау – нағыз кәсібиліктің белгісі. Осы орайда ағымдағы жылдың 10 қыркүйегінде  №39 балалар кітапханасында жас ұрпаққа еңбектің қадірін түсіндіріп, түрлі кәсіп иелерінің өнегелі жолын таныстыру мақсатында еңбек күніне орай «Адал еңбек және кәсіби жауапкершілік» атты тағылымды кездесу кеші өтті.

Кездесуге Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкері Камбар Курманалиев, Алматы қалалық жедел медициналық жәрдем қызметінің №4 қосалқы станциясының фельдшері Ташен Мұхамедали, №12 автобус маршрутының жүргізушісі Куандык Тулеген, журналист, «Сенімен Болашақ» РҚБ Алматы филиалының басшысы Меруерт Мәулетқызы және Б.Момышұлы атындағы №131 мектеп-лицейінің оқушылары қатысты.

Іс-шара барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еңбекқорлық, кәсібилік және жауапкершілік жөніндегі ойлары негізге алынып, адал еңбектің адам өмірі мен қоғам дамуындағы маңызы кеңінен талқыланды. Себебі елдің өркендеуі тек үлкен жетістіктермен емес, күн сайын өз жұмысын жауапкершілікпен атқарып жүрген еңбек адамдарының маңдай терімен де қалыптасады.

Кездесудің басты ерекшелігі – оқушылардың әртүрлі кәсіп иелерімен тікелей жүздесіп, олардың өмірлік және кәсіби тәжірибесін тыңдау мүмкіндігі болды. Төтенше жағдайлар қызметінің маманы өз жұмысындағы батылдық пен шапшаңдықтың маңызын айтып өтсе, фельдшер адам өміріне араша түсудегі жауапкершілік туралы әңгімеледі. Ал автобус жүргізушісі жолаушылардың қауіпсіздігі мен күнделікті еңбек тәртібінің маңыздылығына тоқталды. Журналист мамандығының қыр-сырын таныстырған Меруерт Мәулетқызы ақпаратпен жұмыс істеу, іздену, сауатты жазу және қоғам алдындағы жауапкершілік жайында ой бөлісті.

Әңгіме барысында мамандар өздерінің кәсіби жолдары, күнделікті қызметтері, жұмыста кездесетін қиындықтар мен сол қиындықтарды еңсеру жолдары туралы айтып, оқушылардың қызығушылығын арттырды.

Қонақтардың әңгімесінен түйгеніміз – мамандықтың үлкен-кішісі болмайды. Қай салада еңбек етсе де, адам өз ісіне адал болып, оны жауапкершілікпен атқарса, еңбегі елге де, қоғамға да пайдасын тигізеді. Нағыз маман болу үшін дипломның өзі жеткіліксіз. Ол үшін үнемі білім іздеу, тәжірибе жинақтау, өз кәсібіңді құрметтеу және адамдық қасиеттерді биік ұстау қажет.

Кездесу барысында оқушылар да белсенділік танытып, қонақтарға түрлі сұрақтар қойды. Жасөспірімдерді әсіресе мамандық таңдауға қатысты кеңестер қызықтырды. Қонақтар оқушыларға болашақ кәсіпті таңдауда өз қабілеті мен қызығушылығын ескеруге, қандай мамандықты таңдаса да, сапалы білім алуға және үнемі ізденісте болуға шақырды.

Шара аясында «Адал еңбек және кәсіби жауапкершілік» атты кітап көрмесі де ұйымдастырылды. Көрмеден еңбек, мамандық таңдау, кәсіби даму, жауапкершілік пен тұлғалық қасиеттерге арналған әдебиеттер орын алды. Бұл көрме оқушыларға мамандық әлемімен кітап арқылы танысып, өз болашағы туралы ойлануға мүмкіндік берді.

Кездесу соңында кітапхана меңгерушісі Сымбат Құнанбайқызы өз тәжірибелерімен бөліскен қонақтарға алғысын білдірді. Сонымен қатар ол кітапханашы мамандығының қоғамдағы орнына тоқталып, бұл кәсіптің тек кітап беріп, оқырманға қызмет көрсетумен шектелмейтінін атап өтті. Кітапханашы – оқырман мен кітап арасындағы алтын көпір, жас ұрпақтың рухани дамуына ықпал ететін, білім мен мәдениетті насихаттайтын маңызды мамандық екеніне ерекше назар аударды.

«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген халық даналығы бүгінгі жас ұрпақ үшін де өзектілігін жойған жоқ. Өйткені адал еңбек – тек табыс көзі емес, адамның өз орнын табуына, тұлға ретінде қалыптасуына және қоғамға пайда келтіруіне жол ашатын үлкен құндылық. Ал осындай кездесулер жас буынға мамандық таңдаудан бұрын, ең алдымен, өз ісіне адал әрі жауапты адам болудың маңызын ұғындыра түседі.

                                                                                                      Айнұр Жандосова,

№39 балалар кітапханасының

кітапханашысы

 

Ұқсас мақалалар

Экономика «платформ»: как маркетплейсы меняют структуру малого и среднего бизнеса в Казахстане

admin_el_nazar

«Абай бол» командасы – қалалық дебат турнирінің жүлдегері

redaktor

ТАҒАЙЫНДАУ

redaktor