Алматы қаласының Орталық стадионында әлемдік музыка сахнасының жұлдызы Энрике Иглесиастың ауқымды концерті өтті. Мегаполистің мәдени өміріндегі айтулы кешке мыңдаған көрермен жиналып, қаладағы қоғамдық өмірге ерекше серпін берді.
Ауқымды шараның жоғары деңгейде әрі қауіпсіз өтуін қамтамасыз етуге құқық қорғау органдарымен қатар ҚР Ұлттық ұланының 5571 әскери бөлімінің әскери қызметшілері де жұмылдырылды. Бұл бөлімнің негізгі міндеттерінің бірі – Алматы қаласындағы қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, соның ішінде мәдени-көпшілік іс-шаралар кезінде қызмет атқару.
Ұландық жауынгерлер концерт барысында қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және көрермендер легін бақылау бағытында қызмет атқарып, әрбір учаскеде жоғары жауапкершілік пен қырағылық танытты.
Қызмет барысын 5571 әскери бөлімінің құрама командирі, полковник Мақсат Мұхамедқұлұлы Баймағұлов жеке бақылауында ұстап, әскери қызметшілердің міндеттерін сапалы әрі үйлесімді орындауын ұйымдастырды.
Мыңдаған адамның басын қосқан кеште әскери қызметшілердің жинақылығы мен кәсіби дайындығы айқын көрінді. Жауынгерлер көрермендермен қарым-қатынаста сыпайылық танытып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде сабырлылық пен қырағылықты қатар ұстанды.
Ұлттық ұлан жауынгерлерінің бұл қызметі – үлкен мәдени шаралардың қауіпсіз өтуіне қосылған елеулі үлес. Себебі сахна сыртындағы тыныштық пен тәртіп те – көпшіліктің көңіл күйі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды еңбек.
Мыңдаған көрермен үшін бұл – музыкаға толы кеш болса, ұландық жауынгерлер үшін – ел тыныштығы мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін кезекті жауапты қызмет.
Осындай ауқымды іс-шаралардағы олардың еңбегі Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің тәртіпке, жауапкершілікке және халық қауіпсіздігіне адалдығын тағы бір мәрте көрсетеді. Қазақстан заңнамасына сәйкес Ұлттық ұлан қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға арналған.

