EL-NAZAR Республикалық педагогикалық журналы
Әдістеме және тәжірибеМектеп тынысыҰстаз тәжірибесі

Тіл – достықтың алтын көпірі

       Тіл – әр халықтың баға жетпес байлығы. Ана тілі арқылы адам өз халқының тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін таниды. Қазақстан – көптеген ұлт пен ұлыстың ортақ шаңырағы. Әр тіл – өзінше бір әлем. Ал түрлі тілдерді құрметтеу – халықтарды жақындастыратын үлкен құндылық.

        4 қыркүйек күні Талғар ауданы Жалқамыс ауылындағы биылғы жылы жаңадан қолданысқа берілген «Алматы облысы білім басқармасының Талғар ауданы бойынша білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «Жалқамыс ауылындағы №47 жалпы білім беретін орта мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде Қазақстан халқының тілдері күніне орай “Тіл  –достықтың алтын көпірі” тақырыбында мерекелік іс-шара өткізілді. Іс-шараның мақсаты – қазақ тілінің мәртебесін көтеру, көптілділікті насихаттау, Қазақстандағы түрлі ұлт өкілдерінің тілдері мен мәдениетіне құрмет қалыптастыру, оқушылардың тіл үйренуге деген қызығушылығын арттырумен  қатар қазақ тіліне деген құрметін нығайту.

       Аталмыш іс-шараны тамашалауға ауылымыздың ақсақалдары: қарт ұстаз, мектеп директоры болған, ақын – Талипов Қанат қария,  ауылымыздың құрметті ақсақалы, сан жылдар бойы инженер механик болып қызмет еткен Медеубеков Тоқтасын атамыз және де ұзақ жылдар бойы журналитикада қызмет атқарған, қазіргі таңда ауылымыздың биі – Мекеев Бейбіт Төлегенұлы құрметті қонақ ретінде шақырылды.

        Салтанатты шараның өн бойынан оқушылардың осы бір маңызды күнге тыңғылықты дайындалғаны көрініп тұрды. Іс-шараның алғашқы құттықтау сөзінде мектеп директоры Кахарман Даурен Кахарманұлы “Тіл – адамзаттың өміріндегі өзара қарым-қатынас жасайтын маңызды құрал екендігін айта келіп, оқушыларды Қадыр Мырза  Әли атамыз айтқандай “өзге тілдің бәрін біліп, өз тілін құрметтеуге” шақырды. Концерттік бағдарламаның шымылдығы  2 “А” сынып оқушысы Қалмырза Нұрасылдың орындауындағы  асқақтата, әуелете шырқалған “Жаса Қазақстан” әнімен ашылды. “Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ — домбыра” демекші 9-сынып оқушыларынан құралған мектеп оркестрінің “Балбырауын” күйі әсерлі шықты. Мектебіміздің музыка пәнінің мұғалімі Әбжамал Фариза Аманкелдіқызы дайындаған “Ана тілін сүйеміз” атты  хор орындау барысындағы 5 “А” сынып оқушыларының бет-жүзінен, тұрған тұрыстарынан-ақ отанға, елге деген шексіз таза, балғын да балауса, кіршіксіз де пәк сүйіспеншілік айқын аңғарылып тұрды. Бұдан соң 11-сынып оқушысы Ерболат Сәуленің қазақ,орыс, ағылшын, қытай, кәріс тілдерінде сөйлеген құттықтау сөзі зал толы көрермендерді таңғалдырмай қоймады. Мектеп қабырғасында жүріп 5 тілді еркін меңгеріп алған Сәуле көптілділіктің тамаша үлгісін көрсетті. Келесі кезекте 8 “В” сынып оқушылары Сұлтанмахмұт Торайғыровтың “Мен қазақ”, Мұхтар Шахановтың “Төрт ана” өлеңдерін мәнерлеп оқығанда қазақ болып туғандарына мақтанғандай, сондай ақ “туған жер, туған тіл, салт-дәстүр, жан байлығы” сияқты қасиеттерді төрт анамыздай қадірлеуіміз керектігін қайталап ескерткендей болды. Бұдан соң 7 “В” сынып оқушысы Бақыт Аружанның ағылшын тіліндегі “Pretty little baby” әні  әуезді орындалды. 7-сынып оқушысы Есімова Дариғаның өзі шығарған “Туған тілім” өлеңі жас ақынның өлең әлеміне тәй-тәй басқан қадамын танытқандай болса,  8 “В” сынып қыздарынан құралған “Сырғалым” би тобының қазақша биі қазақ қызының бойындағы сұлулық пен пәктікті, нәзіктік пен биязылықты паш еткендей әсер қалдырды. Концерттік бағдарламаның соңында мектеп оқушылары келген қонақтармен сұхбаттасты. Сұхбат барысында оқушылар ауыл ақсақалдарынан  “ Конститутция не үшін қабылданады? Конститутция адамдардан нені талап етеді? Адал азамат болудың маңыздылығы қандай? “Адал азамат” ұғымын қалыптастыру үшін нақты қандай әрекеттер жасалуы керек? Салихалы, білімді ұрпақ болып өсу үшін не істеу қажет? Жауапты қоғамды қалай қалыптастырамыз?” деген сияқты бірқатар сауалдарына жауап алды. Ауыл ақсақалдары сұрақтарға жауап бере келе,  өнер көрсеткен оқушыларға баталарын беріп,  іс-шараны ұйымдастырған мектеп әкімшілігі мен ұстаздарына алғыстарын жаудырды. Іс-шараның соңында  мектеп директоры Даурен Кахарманұлы қонаққа келген ақсақалдарға ата дәстүріміз бойынша  “Қуыс үйден құр шықпа” демекші шапан жауып шығарып салды.

      Жасөспірімдердің бойындағы патриоттық рух пен елжандылық  сезімді оята түсетін осындай іс-шаралар еліміздің барлық мектептерінде жиі ұйымдастырылса нұр үстіне нұр болар еді. Біздің мектепте өткен бұл іс-шараны ұйымдастырған мектебіміздің қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі пән бірлестіктерінің мұғалімдері болатын. Мектебімізде осындай шығармашылықпен жұмыс жасайтын ұлағатты ұстаздарымыздың қатары көбейе берсін, өскелең ұрпақтың бойында  патриоттық сезім, тілімізге,  отанға деген сүйіспеншілік күн санап арта берсін!

         Тіл – өткен мен бүгінді, бүгін мен болашақты байланыстыратын, халықтар арасындағы татулық пен достықты нығайтатын алтын көпір. Ана тілімізді ардақтап, өзге тілдерді үйреніп,  барлық тілдерге құрметпен қарайық! Тіліміз тұғырлы, еліміз ғұмырлы болсын! Қазақстан халқының тілдері күні құтты болсын!

      Жұлдыз Уалихан,

Жалқамыс ауылындағы №47 ЖББО

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Ұқсас мақалалар

«Жасанды интеллект дәуіріндегі кітапхана»

admin_el_nazar

Физика сабағында заманауи әдіс-тәсіл элементтерін қолдану арқылы білім алушылардың қызығушылығын арттыру

admin_el_nazar

«Абай бол» командасы – қалалық дебат турнирінің жүлдегері

redaktor