EL-NAZAR Республикалық педагогикалық журналы
Жаңалықтар

ЗАҢДЫ БІЛУ – ЖАУАПКЕРШІЛІКТІҢ БАСТАУЫ

Жас ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттыру, заңға құрметін қалыптастыру және құқықбұзушылықтың алдын алу – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Себебі құқықтық мәдениет адамның өз құқығын білуімен ғана емес, өз міндетін түсініп, әрбір әрекетіне жауапкершілікпен қарауымен өлшенеді. Осы ретте жасөспірімдерге заң талаптарын түсіндіру, азаматтық жауапкершілігін қалыптастыру бағытында ЕТЭК колледжінде танымдық кездесу өтті.

Іс-шараны «Сенімен Болашақ» РҚБ Алматы филиалы ұйымдастырды. Кездесуге «Бальто» заң компаниясының директоры, заңгер Шаһризада Мәдіхан қатысып, студенттермен құқықтық жауапкершілік, қоғамдағы өзекті әлеуметтік мәселелер және отбасылық құндылықтар жөнінде пікір алмасты.

Кездесуді ашқан «Сенімен Болашақ» РҚБ Алматы филиалының өкілі Меруерт Мәулетқызы жастар тәрбиесіндегі құқықтық сауаттылықтың маңыздылығына тоқталып, саналы ұрпақ қалыптастыруда отбасы мен қоғамның өзара ықпалдастығы ерекше рөл атқаратынын атап өтті. Оның айтуынша, жас буынның бойында заңға құрмет, жауапкершілік пен адамгершілік қасиеттерін қатар қалыптастыру – бірлестіктің басты мақсатының бірі екенін жеткізді.

Заңгер Шаһризада Мәдіхан өз сөзінде заңды білмеу адамды жауапкершіліктен босатпайтынын айтып, құқықбұзушылықтың салдары мен оның жеке адамның болашағына тигізетін әсерін нақты мысалдар арқылы түсіндірді. Әсіресе жасөспірім шақта қабылданатын шешімдердің маңызына назар аударып, әрбір әрекеттің белгілі бір құқықтық және әлеуметтік салдары болатынын жеткізді.

«Заң – адамды шектеу үшін ғана емес, қоғамдағы әр адамның құқығы мен қауіпсіздігін қорғау үшін қажет. Өз құқығыңды білу қаншалықты маңызды болса, өз міндетің мен жауапкершілігіңді түсіну де соншалықты маңызды. Әсіресе жас кезде қабылданған шешімдерге мұқият болған жөн. Себебі бүгінгі әрекет – ертеңгі өміріңнің бағытын айқындауы мүмкін», – деп атап өтті спикер.

Кездесуде цифрлық кеңістіктегі құқықтық жауапкершілік мәселесі де кеңінен қозғалды. Әлеуметтік желіде жалған ақпарат тарату, өзгенің ар-намысына тиетін пікір жазу, жеке бейнематериалдарды рұқсатсыз жариялау және кибербуллинг жасау секілді әрекеттердің құқықтық салдары түсіндірілді. Спикер виртуалды кеңістікте жасалған әрекеттер де жауапкершіліктен тыс қалмайтынын ескертіп, интернетті пайдалану мәдениеті мен өзгенің жеке шекарасын құрметтеудің маңызын атап өтті.

Кездесу барысында студенттер белсенділік танытып, маманға өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Құқықтық жауапкершілікке қатысты өмірлік жағдайлар талқыланып, жастар күнделікті ортада кездесуі мүмкін мәселелер бойынша маңызды ақпарат алды. Ашық пікір алмасу олардың заң талаптары туралы түсінігін кеңейтіп, жеке әрекетіне жауапкершілікпен қараудың маңызын тереңірек ұғынуға мүмкіндік берді.

Іс-шараны қорытындылаған оқу орны директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Шынар Құстайқызы құқықтық мәдениетті қалыптастырудағы отбасылық тәрбиенің орнына ерекше мән берді. Өйткені баланың мінезі, дүниетанымы мен адамгершілік ұстанымдары ең алдымен отбасында қалыптасады. Әр жастің заңды білуі – құқықтық сауаттылықтың, ал оны құрметтеу – кемел азаматтық ұстанымның көрінісі екенін айтты.

 

Ұқсас мақалалар

Физика сабағында заманауи әдіс-тәсіл элементтерін қолдану арқылы білім алушылардың қызығушылығын арттыру

admin_el_nazar

«Жасанды интеллект дәуіріндегі кітапхана»

admin_el_nazar

«Еңбегі адал жас өрен» жобасы

redaktor