Темірхан Сапарбеков – поэзияға ықыласы ерекше, өлеңді өмірінің бір бөлшегіне айналдырған әуесқой ақын. Ол шығармаларында өмір, адам, достық, туған жер, ағайын-туыс тақырыптарын арқау етеді. Қаламынан туған 100-ден астам өлеңі оның сөз өнеріне деген сүйіспеншілігін танытады.
Темірхан Сапарбековтың шығармашылығы – кәсіби атақтан бұрын өлеңге деген шынайы ықылас пен жүрек үнінің көрінісі.
Жуырда Темірхан Сапарбековпен «Өлеңге әркімнің – ақ бар таласы» атты шығармашылық кездесу өтті.
Кездесуді бөлім меңгерушісі Зина Ищанова ашып, қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасы мен адамзатқа қалдырған тағылымы жайында сөз қозғады. Кездесу барысында Абайдың әндері орындалып, домбыра ансамблінің орындауындағы шығармалар поэзия кешінің мазмұнын толықтырды.

Шығармашылық жүздесуде Темірхан Сапарбеков өзінің ақындық жолы, өлеңге деген қызығушылығы туралы айтып, авторлық туындыларын оқыды. Ақынның «Гоголь көшесі», «Ағайын-туысқа», «Қыл қалам» сынды өлеңдері достары мен жақындарының орындауында оқылып, әр шығармаға байланысты жылы естеліктер мен әзіл-шыны аралас шығармашылық сәттер ұсынылды.
Кеш барысында сән көрсетілімі ұйымдастырылып, әндер мен күйлер орындалды. «Желсіз түнде жарық ай», халық әндері және домбырадағы күйлер поэзия кешіне ерекше көркемдік сипат берді.
Кездесудің соңында Темірхан Сапарбеков өмір, жас, адамдық қарым-қатынас туралы өлеңдерін оқып, қатысушылардың пікірлерін тыңдады. Кластастары мен достары ақынның шығармашылығы жөнінде жылы лебіздерін білдірді.
Айта кетерлігі, Темірхан Сапарбековтың сөзіне жазылған ән-ұран орталық ұйымдастырған байқауда Бас жүлдеге ие болып, кейін орталықтың әнұранына айналған. Бүгінде аталған әнұран түрлі маңызды іс-шараларда орындалып келеді.
Поэзия кеші әдебиетке, өнерге және шығармашылыққа деген құрметті арттырып, адамды өлең арқылы тануға мүмкіндік берген мазмұнды кездесу болды. Мақала соңын Темірхан Сапарбековтың өлеңімен аяқтайық.
Ұлы Абайға
Ғылымды кештеу қудың, зерек тусаң да жасыңнан,
Жаксыны-да, жаманды, өткердің бір басыңнан.
Түңілген кезің де болды, ат құйрығын шорт кесіп,
Ағайын, таныстан, сыр бөліскен досыңнан.
Болыстың баласы болсаң да, майланған екі ұртың,
Мыңмен жалғыс алыстың, білімге ұмтылысын деп ел-жұртың.
Халқыңды оқу- білімге шақырдың,
Ешқайда қашпас деп қорадағы мал-мүлкің.
Қаламыңнан шыққан дүниелерің, том-томдап қазір басылған,
Тас мүсінің тұр жол сілтеп, жиі өтемін қасыңнан.
Ақ жол тіле маған, естіп жатсаң маған ұлы Абай,
«Болмасаң да ұқсап бақ»-деп, өлең жырға қосылған!


