EL-NAZAR Республикалық педагогикалық журналы
Жаңалықтар

«Тағдырлы тұлға» – ұлт тарихын ұлықтаған қаламгер

Қабдеш Жұмаділов – қазақ сөз өнерінің заңғар тұлғасы, Қазақстанның халық жазушысы және Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Ол – шекараның арғы-бергі бетіндегі қазақ халқының тағдырын, ұлттық қасіреті мен азаттық рухын көркем сөзбен кестелеген бірегей суреткер. Оның қаламынан туған он роман, жиырмадан астам повесть пен ондаған мақалалар қазақ әдебиетінің алтын қорына енді.

Қабдеш Жұмаділов тарихи шындықты көркем шығарма арқылы жеткізе отырып, ұлттың жадын жаңғыртуға өлшеусіз үлес қосты. Оның «Соңғы көш», «Тағдыр», «Дарабоз» секілді туындылары қазақ халқының тарихын, елдік мұратын, азаттық аңсарын кеңінен танытады. Қаламгер шығармаларында халықтың өткені ғана емес, оның рухы, болмысы мен ұлттық құндылықтары да айқын көрініс тапқан.

Осындай тағылымы мол шығармашылық мұраны кітап сүйер оқырманға  таныту, жас ұрпақтың бойында ұлттық рух пен отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру мақсатында,  Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қабдеш Жұмаділовтің туғанына 90 жыл толуына орай №39 балалар кітапханасында «Тағдырлы тұлға» атты әдеби портрет ұйымдастырылды.

Әдеби портретке арнайы қонақ ретінде белгілі қазақстандық тарихшы ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты, «Қабдеш Жұмаділов» халықаралық қоғамдық қорының төрағасы Арман Қабдешұлы Жұмаділ қатысты. Сонымен қатар шараға №17 мектеп-интернатының ұстаздары мен оқушылары қатысты.

Әдеби кештің шымылдығы жазушының өмірі мен шығармашылық жолына арналған арнайы бейнероликпен ашылды. Бейнебаян арқылы қатысушылар қаламгердің балалық шағы, Шығыс Түркістаннан Атамекенге өткен қиын-қыстау кезеңдері және әдебиет әлеміндегі алғашқы қадамдары туралы құнды деректермен танысты.

Кітапхана залында ұйымдастырылған «Тағдырлы тұлға» атты кітап көрмесі де шараның мазмұнын толықтыра түсті. Көрмеге жазушының романдары, повестері мен әңгімелер жинақтары, сондай-ақ қаламгер туралы зерттеу еңбектері мен мерзімді басылымдар қойылды. Кітапханашы көрмеге библиографиялық шолу жасап, оқырмандарды жазушының тағылымды шығармаларын оқуға шақырды.

Кештің ең әсерлі әрі тағылымды сәті – жазушының ұлы Арман Қабдешұлы Жұмаділдің әкесі туралы естеліктерімен бөлісуі болды. Ол Қабдеш Жұмаділовтің әдебиеттегі биік тұлғасын ғана емес, отбасындағы қарапайым болмысын, қамқор әкелік қасиетін, ұлттық құндылықтарға деген берік ұстанымын да жылы әңгімеледі. Жазушының қолжазбалары, шығарма жазу барысындағы қызықты сәттері мен кейінгі ұрпаққа қалдырған өсиеттері жайлы айтылған естеліктер оқырмандардың ерекше қызығушылығын тудырды.

Шара барысында мектеп оқушылары белсенділік танытып, қонаққа өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Арман Қабдешұлы әр сауалға мазмұнды жауап беріп, жас ұрпақты кітапты көп оқуға, тарихты тануға және ұлттық құндылықтарды қадірлеуге шақырды.

Қабдеш Жұмаділовтің әдеби мұрасы – халықтың тарихи жадын сақтаған құнды қазына. Оның шығармалары ұлттың өткені мен бүгінін жалғап, оқырманды ел тарихын білуге, туған жерді сүюге үндейді. Сондықтан қаламгер есімі мен шығармаларының ұрпақ жадында сақталуы – рухани сабақтастықтың жарқын көрінісі.

«Тағдырлы тұлға» әдеби портреті ұлы жазушының өмірі мен шығармашылығын кеңінен танытып, жас оқырмандарға қаламгер мұрасының маңызын терең түсінуге мүмкіндік берген тағылымды кездесу болды.

 

Айнұр Жандосова,

№39 балалар кітапханасының

кітапханашысы

 

Ұқсас мақалалар

Мектеп тәжірибесінде Абай мұрасын жаратылыстану пәндерімен кіріктіріп оқытуда жалпыадамзаттық құндылықтарды қалыптастырудың тиімді жолдары

admin_el_nazar

Жанғазы Дархан Елтайұлы

admin_el_nazar

«WorldSkills Zhetysu 2026» жас мамандар шеберлігінің жарқын көрінісі

admin_el_nazar